Тобыл өзенінде мұз жару жұмыстары басталды

Синоптиктердің болжамынша, өңірде күн күрт жылымайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанайдағы Тобыл өзенінде мұз жару жұмыстары басталды. Бұл – көктемгі су тасқынына дайындық кезіндегі маңызды шаруа. Аталған іс су арналарында сең кептелістерінің пайда болу қаупін азайтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өткен жылдары болған апат мұндай шараның қаншалықты маңызды екенін көрсеткен. Ол кезде Тобыл да арнасынан асып, тұрғын үйлер мен бизнес нысандарды бүлдірген еді. Осындай жағдай қайталанбауы үшін аймақта тағы қандай шаруа атқарылып жатыр? Тақырыпты тілші тарқатсын

Қар жамылған Тобылға қарап, көктемнің келгеніне сену қиын. Облыстың басты су артериясы сырттай тып-тыныш көрінеді. Бірақ мұз астында қозғалыс басталып кеткен, күн сайын ол жұқарып, қауіпті бола түседі. Қазір мұз үстінде жүруге мүмкіндік бар, сондықтан мамандар алдын ала әрекет етуді бастап кеткен. Іске жауаптылар сең кептелістерінің алдын алу мақсатында жарылғыш заттар қолданады. Бұл мұз қабатын бұзып, қар еріген кезде судың өз арнасымен еркін ағуына мүмкіндік береді.

«Қауіпсіз қашықтық кемінде 400 метр болу керек. Жарылыс жұмыстарын елдімекендерден алыс жерде жүргіземіз. Қауіпсіздік талаптары толық сақталады. Биыл толқынның әсері аз болуы үшін жару жұмыстарын екі кезеңге бөліп жүргіземіз деп шештік», – деді жауапты компания өкілі Руслан Омаров.

Көпір маңындағы учаскелерге ерекше назар аударылады. Дәл осы жерлерде мұз кептелістері жиі пайда болады. Биыл өңірде мұндай жұмыстарға 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

«20 наурыздан кейін ауа температурасы көтеріледі. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, бұл кезде адамдардың мұз үстінде жүруіне болмайды. Біз жағдайды тұрақты түрде бақылап, «Қазгидрометпен» бірлесіп барлық мәселені пысықтаймыз», – деді Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Аслан Махмұтов.

Айта кетейік, 2024 жылы Тобыл арнасынан асып, қарғын су тұрғын үйлер, әлеуметтік және бизнес нысандарға тиіп, зақымдаған. Ал биыл құтқарушылар жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Синоптиктердің болжамынша, өңірде күн күрт жылымайды. Ауа-райы қолайлы болмақ.

Гүлмарал Изатқызы, Елисея Томашевская, Қостанай

Оқи отырыңыз: Наурыз мейрамына орай тақия кестелеуден шеберлік сағаты өтті

Новости партнеров