Ұлттық ойынға бетбұрыс: Алматыда жол саласы мамандары тоғызқұмалаққа ден қойды

Almaty.tv
Almaty.tv

Бұл бастама ұжым ішінде зияткерлік мәдениетті қалыптастырумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурызнама онкүндігі аясында Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының ұжымы ұлттық спорт — тоғызқұмалақ ойынына ерекше көңіл бөлді. Ұжым мүшелері зияткерлік ойыннан жарысқа қатысып, ұлттық мұраны дәріптеуге өз үлестерін қосты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар, филиал қызметкерлері Алматы қаласында өткен Nauryz CUP турнирінің қонағы болып, салтанатты шараға қатысты. Іс-шара барысында филиал директоры Мәулен Тоқтарбайұлы қатысушыларды құттықтап, ұлттық ойынның маңыздылығына тоқталды.

«Ұлтымыздың тарихы терең мұрасы – тоғызқұмалақ ақыл-ойды дамытатын керемет зияткерлік ойын. Наурыз мерекесі қарсаңында біздің ұжым да осы ұлттық ойынды серік етуді көздеп отыр. Барша тоғызқұмалақ жанашырларын, насихаттаушыларын және ойыншыларын мерекемен құттықтаймын», – деді ол.

Өз кезегінде Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Азамат Қалдыбаев та бұл бастамаға жоғары баға берді.

«Жол саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұжымның ұлттық спортқа қызығушылық танытуы – қуантарлық жағдай. Бұл – мәдени мұрамызды сақтауға және оны кеңінен насихаттауға қосылған үлкен үлес. Тоғызқұмалақты бірге дамытайық», – деді ол.

Айта кетейік, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалы алдағы уақытта тоғызқұмалақ спортымен жүйелі түрде айналысып, тұрақты жарыстар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама ұжым ішінде зияткерлік мәдениетті қалыптастырумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Оқи отырыңыз: Наурыз мейрамына орай тақия кестелеуден шеберлік сағаты өтті

Новости партнеров