Тоқаев Үкіметке шағын және орта бизнеске жүргізілетін жоспардан тыс тексерістерді тоқтатуды тапсырды

Мемлекет басшысы шағын бизнесті қолдау шаралары нақты әрі тиімді болуы тиіс деп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шағын және орта бизнеске жүргізілетін жоспардан тыс тексерістерді тоқтатуды тапсырды, деп хабарлайды  Almaty.tv. 

«Мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажет». Мемлекет басшысы Үкіметке осындай тапсырма берді. Бұл істе Қаржы және Экономика министрліктері қатаңдық пен табандылық танытуы керек деп баса айтты. Сондай-ақ министрлер кабинеті мен әкімдер бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, жобаларға қаржы бөлу тәжірибесін доғаратын кез келді.

«Бюджет қаржысы азаматтарымызға нақты пайда әкелетін және ұлттық экономиканың дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуі тиіс. Үкіметке биыл 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырылады. Бұл квазимемлекеттік секторға да қатысты», – деді Мемлекет басшысы.

«Инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек». Жиында Президент қазіргі экономикалық ахуалға тоқталып, инфляцияның себептері анықталғанын, ендігі кезекте оны шешудің тиімді жолдарын табу қажет екенін атап өтті. Ол ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны төмендету үшін бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуі керек.

«Тағы да қайталап айтамын, қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет. Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады», – деді Президент.

Отырыста Президент биыл күшіне енген Салық кодексіне де тоқталды. Сөзінше, ол қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастаған. Экономика министрлігінің мәліметінше, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастапты. Үкімет салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түседі деп жоспарлап отыр.

«Жоспар, әлбетте, көңілге сенім ұялатады. Бірақ қайталап айтамын, белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды. Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Жиында Президент «Үкімет кәсіпкерлікті дамыту ісінде енді, ең алдымен, сапаға айрықша көңіл бөлуі керек» деді. Мемлекет басшысы шағын бизнесті қолдау шаралары нақты әрі тиімді болуы тиіс деп отыр. Кәсіпкерлерді қолдаудың бірден бір жолы - шағын және орта бизнеске жүргізілетін жоспардан тыс тексерістерді тоқтату. Президент «бизнесті тексере бергенше, медициналық қорға немесе жекеменшік мектептерге көңіл бөлген жөн» деді.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Діни экстремизмнің алдын алу – маңызды міндет: Алматыда семинар басталды

Новости партнеров