Қазақтың тұңғыш ғарышкеріне халықаралық мәртебелі марапат табысталды
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров әлемдік деңгейдегі жоғары марапатқа ие болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Дүниежүзінің 40-тан астам еліндегі ғалымдардың басын қосқан Халықаралық инженерлік академия атынан оған «Инженерлік даңқ» ордені табысталды. Бұл мәртебелі белгі авиация мен ғарыш саласын дамытуға, сондай-ақ отандық инженерлік ой-сананы ілгерілетуге қосқан орасан зор үлесі үшін берілді.
Алқалы жиында Тоқтар Әубәкіров Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің үздік түлектеріне дипломдарын табыстап, жас мамандарға сәттілік тіледі.
Жиналған қауым бұл іс-шараны ғарыштық биіктік пен заманауи өндірісті ұштастырған тарихи күн деп бағалады.
«Осы инженерлік қоғамды құруымыз керек, көтеруіміз керек. Мынау кішкентай балапандарыма, болашағы мол болатын балапандарыма айтарым – сендер инженерлік мамандықты таңдаңдар. Қазақстанның болашағы инженерлікте жатыр», – деді ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров.
Салтанатты іс-шарадан кейін жиналғандар университеттің озық технологиялар орталығы мен ғылыми зертханаларының жұмысымен танысты. Онда студенттер мен жас ғалымдар қолданбалы инженерия, заманауи өндіріс және цифрлық технологиялар бағытындағы жобаларын көрсетті.
Академиктердің айтуынша, дәл осындай инновациялық инфрақұрылым елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға негіз болмақ.
Енді университет қабырғасында әзірленген ғылыми жобаларды тікелей өндіріске енгізу шаралары күшейтіледі. Бұл қадам отандық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жас мамандардың жаңа белестерді бағындыруына жол ашады.
«Биыл біздің университетті 500 студент аяқтап отыр. Университеттің басты көрсеткіштерінің бірі – жұмыс берушілердің арнайы сұраныстары бойынша түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші өте жоғары. Сонымен қатар шетелден арнайы шақырту алған бірқатар студентіміз де бар», – деді Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Дархан Ақпанбетов.
Оқи отырыңыз: Алматыда ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді