Қазір коммуналдық қызмет мамандары мен төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында сел жүріп, тұрғындарды әбігерге салды. Толассыз жауған нөсерден кейін тау бөктерінен аққан қызыл су Қыдыр Мәмбетұлы мен Жіңішке ауылдарына жайылған. Салдарынан 40-тан астам үйдің ауласын су басып, тұрғындардың дүние-мүлкіне зақым келген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Толассыз жауынның зардабын тартқан жұрт түні бойы көз іле алмаған. Солардың бірі – Нұрсұлтан Дауылбаев. Ауыл тұрғынының сөзінше, небәрі бір сағатқа созылған қызыл су баспанасын батпаққа батырып, тұруға жарамсыз еткен.
«Кешегі келген бір сағаттық топан су үйімнің басып қалды.Тұратын жайым қалмады. Заттарымның бәрі су болды. Шығын шаш етектен болып жатыр. Салып жатқан жаңа үйдің өабырғасына сызат түсті, жарылып тұр», – деді ауыл тұрғыны Нұрсұлтан Дауылбаев.
Қазір коммуналдық қызмет мамандары мен төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Арнайы техникалардың көмегімен су шайған көшелер мен аулалар тазартылып, су арналары қалпына келтіріліп жатыр.
«Ауылдық округте өзімізге қарасты бөлімдерден 120 адам және 12 техника жұмылдырылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Күшейтілген режимде жұмыс жасап жатырмыз. Бүгін кешке дейін аяқтаймыз», – деді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов
Жергілікті билік өкілдері болса, биыл су арналары тазартылғанын алға тартады. Алайда нөсер жауынның шамадан тыс түсуі салдарынан кей аумақтарда су арнасынан асып кеткен. Қазір жағдай тұрақталған. Дегенмен мамандар алдағы күндері таулы аймақта ауа райының құбылуына байланысты тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Ақтауда депутат Ербол Айтуов пластикалық отадан кейін көз жұмды