Былтыр шаһар тұрғындары қыста тоңып қалған болатын
Кентауда да жылу энергия орталығы толық жаңғыртудан өтіп жатыр. Былтыр шаһар тұрғындары қысты бүрсеңдеп, дірдек қағып өткізген еді. Сондықтан биыл жағдай қайталанбас үшін Үкіметтен 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазір мұндағы қазандықтар жөнделіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Кентау қаласындағы жылу электр орталығы 1934 жылы іске қосылған. Ал қондырғылары 1952 жылы орнатылған кешеннің ғимараты әбден тозыпты. Негізі, талап бойынша қазандықтар әр 5 жыл сайын күрделі жөндеуден өтіп тұруы тиіс екен. Алайда соңғы 11 жылда бұл ер мүлдем жөндеу көрмеген. Соның салдарынан орталық былтыр қатты дауылда істен шығып, жұрт жылусыз қалып еді.
«Қазіргі таңда 6 қазандық жаңғыртудан өтіп жатыр. Станциялық №8-11 қазандықтар химиялық жуып-шаюдан өткізілді. Алда сынама жұмыстары бар. Сол сынамадан кейін бұл қазандықтар жұмыста қалады», - деді Кентау қалалық жылу-энергия орталығының бас инженері Мұхтар Мақұлбекұлы.
Жалпы Кентау қаласын тұрақты жылумен қамту үшін 3 қазандық жеткілікті. Ал тағы үшеуі резервте болады. Қазір қоймада 13,7 мың тонна көмір бар. Одан бөлек, 44 мың тонна қатты отынды тасымалдауға келісімшарт жасалып, тасымалдау жұмыстары басталды дейді жауаптылар.
«Қазандықтар 15 қазанда іске қосылады. Барлығы 6 қазандық бар. Ал желтоқсанда №7 және №12 қазандық қосылады», - деді Кентау қалалық жылу-энергия орталығының директоры Саяхат Ыбышев.
Қоса кетейік, жылу орталығын жаңғырту жұмыстарына 90 адам жұмылдырылған. Олар алдағы жылу маусымына дейін жұмысты толық аяқтап, тапсыруы тиіс.
Нұркен Әкімхан, Аlmaty TV арнасы, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Әлі дайын емес: Ақтау билігі жылу қашан берілетінін айтты