Халықтың шағымынан кейін экологтар тексеріс жүргізді
«Қаладағы тұманды пайдаланып, біреулер ауаға зиянды заттарды жіберіп жатыр». Шымкенттегі экобелсенділер осылай деп дабыл қағып жатыр,, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шымкент аспанын қалың тұман тұмшалаған. Оған қоса, қала ішін жағымсыз иіс жайлап, тұрғындардың тынысын тарылтып тұр. Бұл жағдай экобелсенділерді қатты алаңдатып отыр. Тіпті олар мұны біреулер қолдан істеп отырғанын атап өтті.
«Соңғы күндері тіпті тыныс ала алмай қалдық. Жағымсыз иістен мұрын қышып, көзіміз жасаурап кетеді. Мұны қалыпты жағдай деу мүмкін емес. Менің ойымша, қаладағы тұманды пайдаланып, әлдекімдер ауаға зиянды заттарды шығарып жатыр. Ал оның зардабын халық тартады»», – деді экобелсенді Сергей Ефремов.
Шымкент халқы да экобелсенділердің сөзін растап отыр. Тұрғындар жағымсыз иістен терезелерін аша алмай, әбден әбігерге түскенін айтады.
«Азанғы уақытта автобустың иісімен қосылған кезде тіпті тұмсығымызды жауып зорға шығамыз. Ол автобустардың әсерінен ба, жоқ бізге білдірмей бірдеңе шашып жатыр ма, ол жағын анықтай алмаймыз», – деді қала тұрғыны Ұлдана Нұрбекова.
«Жоғарыдан қарасаң тұман болып тұрады. Сасық иіс таңғы және кешкі уақытта сезіледі», – деді қала тұрғыны Индира Өстемірқызы.
Халықтың шағымынан кейін экологтар тексеріс жүргізді. Алайда сараптама ауада қауіпті қалдықтардың жоқ екенін көрсетіпті. Мамандардың айтуынша, барлық көрсеткіш қалыпты деңгейде.
«Иіс болуы мүмкін. Бірақ ол белгіленген шектік мөлшерден аспаған жағдай болуы мүмкін. Егер белгіленген шектік мөлшерден аспаса, ол адамның денсаулығына зиянсыз деп саналады. Бүгін де біздің департаменттің мамандары шығып, атмосфералық ауадағы зиянды заттардың қаншалықты шектік мөлшерден асып, аспағанын тексерді. Бүгінгі таңда шектік мөлшерден асу фактісі анықталған жоқ», – деді қалалық Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев
Жауаптылардың бұл сөзіне табиғат жанашырлары сенбей отыр. Олар қаладағы ауаны бақылау құрылғыларын көбейтіп, кәсіпорындарды дер кезінде әрі жиі тексеру керек деп есептейді.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Шымкентте мұнай өнімдерін ұрлау схемасы әшкереленді