Биыл елімізде 3 мыңнан астам ауыл талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылады

Нәтижесінде қосымша 2,5 миллионға жуық азамат жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізбек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президенттің азаматтардың цифрлық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, алдағы екі жылда елімізде 3 мыңнан астам ауыл талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл - Қазақстан халқының 99 пайызын сапалы интернет және байланыспен қамтуға мүмкіндік береді деген сөз. Оған қоса, елдімекендердегі байланыс сапасын жақсарту мақсатында қазір  «соңғы миль» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында ауылдардағы 400 мыңға жуық үйге дейін оптикалық интернет желісі тартылады. Нәтижесінде қосымша 2,5 миллионға жуық азамат жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізбек.

 «Қазақстанда 6 мыңнан аса ауылдық елдімекен  бар. Оның ішінде 3 мыңнан астам ауыл биыл және келесі жылы талшықтық оптикалық байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Оны іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуге толық жәрдем көрсетуі қажет. Сондай-а, әкімдіктерге өңірлерінде интернет сапасын мемлекеттік бақылауға және айыппұл салуға өкілеттік берілген», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ЖАСАНДы интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, былтыр қорытынды бойынша елімізде 2 мың 606 ауылдық елдімекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Ал биыл тағы 1 900-ін қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар желілердің жылдамдығы да басты назарда болмақ. Қазір 4G байланысы 3 мың 115 ауылда қолжетімді болса, келесі жылы бұл көрсеткішке қосымша 836 елдімекен қосылады. Ал 5G желісі болса Қазақстанның 20 ірі қаласында жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта осы қалаларда базалық стансаларды орнату және желіні кеңейту жұмыстары жалғасады.

«5G желісі облыстық және республикалық маңызы бар 20 қалада қолжетімді. Осы қалалар аумағының 75 пайыз қамту үшін жаңа 5G базалық стансаларын орнату жұмыстары жалғастырылатын болады. Әкімдіктер тиісті байланыс инрфақұрылымын орнату мүмкіндіктерін кеңейту үшін мобильді операторларға толық қолдау көрсетуі тиіс. Автожолдарды мобильді байланыспен қамту бойынша жоба іске қосылды. Бұл республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды құрайды. Жобаны алдағы екі жылда аяқтау жоспарлануда», – деді Жаслан Мәдиев.

Оқи отырыңыз: Елімізде балалар спортына бөлінетін қаржы екі есеге артады

Новости партнеров