Түнгі тыныштық: МИБ төрағаларына полицияның кейбір өкілеттігі беріле ме

Министр Ержан Сәденовтің Мүлік иелері бірлестіктері төрағаларының өкілеттігін кеңейту туралы бастамасы мәжілісмендерге аса ұнай қоймады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде мүлік иелері бірлестіктері төрағаларына полицияның кейбір өкілеттігі берілмек. Олар түнгі тыныштықты, қоғамдық тәртіпті бұзатындармен, көрінген жерге қоқыс тастайтындармен күресетін болады. Бұл туралы Мәжілісте жаңа заң жобасын таныстырған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Министр Ержан Сәденовтің Мүлік иелері бірлестіктері төрағаларының өкілеттігін кеңейту туралы бастамасы мәжілісмендерге аса ұнай қоймады. Депутат Екатерина Смышляева пікірінше, мұндай өкілеттік тұрғындардың жеке өміріне араласуға жол ашуы мүмкін деп отыр. Одан бөлек, мүлік иелері бірлестіктерінің басшылары құқық қорғау саласының қызметкері болмағандықтан қауіпсіздікке баға беру құзыреті жоқ. Бұл норма екі тарап арасында түсініспеушілік туғызуы мүмкін екенін де алға тартты. Алайда Сәденовтің өз айтары бар.

«Мемлекеттік органдар өз саласы бойынша профилактика жүргізсе, мүлік иелері бірлестіктері мен бизнеске тек қатысу құқығы ғана беріледі. Яғни, бұл – міндет емес, тұрғындардың белсенділігін арттыру тетігі», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов

Құжатта қоғамдық тәртіпті сақтау үшін барлық күштік құрылымдарға қоғамдық көмекшілер тартылатыны да жазылған. Қазірдің өзінде ел бойынша 20 мыңнан аса осындай ерікті бар екен. Ержан Сәденовтің дерегінше, олардың көмегімен 9 ай көлемінде 300-ден астам қылмыс ашылып, 15 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған. Осы тұста депутат Бақытжан Базарбек қоғамдық көмекшілердің қауіпсіздігіне тоқталды. Олар материалдарды ұсынғанмен, көп жағдайда полиция іс қозғамайды.

«Өкінішке қарай, қылмыскерден емес, қайта полициядан қорқатын заман болып тұр. Мысалы қоғамдық көмекшілер әртүрлі проблемаларды ашып отыр. Алматы қаласы бойынша таудың бөктерін кесіп жатыр. Заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін анықтап жатыр. Бірақ қылмыстық  істер қозғалмай жатыр. Ол қоғамдық көмекшілерге қысым жасайды. Бірақ сол қысымға шыдай алмаған қоғамдық көмекшілер мемлекетке көмектеспей, өзінің жұмысымен айналысып кетеді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек

Халық қалаулыларының құжатқа қатысты сауалдары көп болды. Асхат Аймағамбетов мектепке ювеналды инспекторларды қайтару керек десе, Нартай Сәрсенғалиев заң жобасында әскердегі әлімжеттікпен күрес қарастырылмағанын айтып ашынды. Тағы бір депутат ақпараттық кеңістіктегі тәртіпті сөз етсе, енді бірі қоғамдық орындарда бейәдеп сөйлейтіндер туралы айтты. Төменгі палата құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Алда екінші оқылым бар.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда бірнеше ауыл таратылды

Новости партнеров