Оның сөзінше, қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияда тарих туралы бір де бір сөз жоқ
Жаңа Конституция жобасында тұңғыш рет мыңжылдық тарихымыз басты құндылық ретінде жазылды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның VII отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияда тарих туралы бір де бір сөз жоқ.
«Жаңа Конституция жобасының Преамбуласындағы «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген сөйлем тарихымыздың үздіксіз сабақтастығын, Қазақстан көшпелілер өркениетінің ошағы екенін айғақтайды. Осылайша, тарихымыз Конституцияда тұңғыш рет декларация емес, мемлекеттік құндылық ретінде бекітіліп отыр», – деді Ерлан Қарин.
Преамбуладағы «Ұлы Дала» мен «мыңжылдық тарих» ұғымдары Қазақстанның тарихи субъект екенін айғақтайтын әрі мемлекеттік бірегейлікті айқындайтын ұғымдар.
Сонымен бірге, Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылғанына да тоқталды.
«Атап айтқанда, 9-баптың 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп анық көрсетілген. Яғни, бізде мемлекеттік тіл біреу, ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Тіліміз биік тұғырда, өз орнында. Мемлекетіміз барда сол тұғырдан ешқашан төмен түспейді. Ол үшін осы мемлекетті сақтауымыз керек, қорғауымыз қажет. Елдің бірлігін ойлауымыз керек», – деп атап өтті Ерлан Қарин.
Сондай-ақ, ол жаңа Конституция жобасы мен 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Ата Заңда айырмашылық өте көп екенін жеткізді.
«Жаңа Конституция жобасы – жарты жылдан астам уақыт бойы ел азаматтарынан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен, түрлі ұйымдардан келіп түскен ұсыныстар мен бастамалардың нәтижесі, осы күнге дейін жүргізілген түрлі ұзақ талқылаулардың жемісі», – деді Ерлан Қарин.
Оқи отырыңыз: Қазақстан халықаралық міндеттемелерді қолданыстағы құқық негізінде, заң талаптарына сәйкес қолданады – Үнзила Шапақ