Елімізде баспанасы жоқ 194 мың 248 азамат үй кезегіне тұруға өтініш берген. 24 мамырдан бастап іске қосылған жүйе Orken.otbasybank.kz порталы арқылы жүзеге асады. Қазір 35 мың 878 азаматтың өтінімі қаралып жатыр екен. Жүйе қалай жұмыс істейді? Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұратындарға қандай шарттар қойылады? Өтінім берген кезде неге назар аудару керек? Осы және өзге де сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы «Отбасы банкі» Алматы қаласы филиалының директоры Данагүл Түсіпова жауап береді.
– Данагүл Тілеуберліқызы, үй кезегіне тұрудың шарттары қандай?
«Тұрғын үй қатынастары заңы биыл өзгеріс енгізілді. Барлық атында үйі жоқ кез келген азамат кезекке тұра алады. Ол үшін қойылатын талап, қатысушының және жанұя мүшелерінің атында соңғы 5 жылда үй болмауы керек. Сонымен қатар Алматы, Астана және Шымкент қалаларында соңғы 3 жылда тұрақты тіркеу болуы керек. Ал басқа өңірлерде өтінім беру кезінде тіркеу болса жеткілікті.
– Өтінім берген кезде неге назар аудару керек?
«Өтінім беру «Отбасы банктің» порталында жүргізіледі. Orken.otbasybank.kz сайтында. Бұл жерде өтінім беру үшін қатысушымызда және оның отбасы мүшелерінің электронды қолтаңбасы болуы қажет. Өтінім бергеннен кейін қатысушыға және оның мүшелерінің мобильді номеріне 1414-тен смс келеді. Сондықтан да міндетті түрде қатысушының және оның отбасы мүшелерінің мобильді номері базаға тіркелуі тиіс. Егер тіркелмесе, өтініштің қабылданбауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан да барлық қатысушыға айтатын кеңесіміз телефон номерін базаға тіркеуі қажет, біріншіден. Екіншіден, артында үй болмауы керек. ЭЦП кілттері болуы қажет. Осы атап өткен талаптарға сай, дайын болса, өтінім тапсыруға болады.
Сонымен қатар, егер үйі апатты жағдайда болса, оны дәлелдейтін құжатты көшірмесін салу қажет. Өтінім қарастырылып, бір күннің ішінде жауап келеді. Өтінім қабылдау 24 сағат жүргізіледі. Яғни, ол тоқтамайды. Сонымен қатар жаңағыдай құжат көшірмесі салынса, 3 күннің ішінде қатысушыға жауап келеді. 24 мамырдан бастап түскен өтінім саны күннен күнге артуда».
– Есепке алу кезінде қатысушы азамат өз мәртебесін қашан және қайдан көруге болады?
«24 мамырдан бастап өтінім тапсырған азаматтар мәртебесін Orken.otbasybank.kz сайтындағы жеке кабинетінде көре алады. Ал егер бұрын әкімдіктерде кезектерде, «Кезекте» сайтында тапсырған болса, 17 маусымда «Отбасы банкке» тізім ретінде берілетін болады. Демек «Кезекте» сайтынан көруге мүмкіндік бар.
Оқи отырыңыз: Рәміздер күні қарсаңында 34 сәби дүниеге келді