Нөсердің екпіні қатты болғаны соншалық, кей жерлерде су деңгейі 25 сантиметрге дейін көтерілген
Кентау қаласында жауған толассыз жауын тасқынға ұласты. Нөсердің екпіні қатты болғаны соншалық, кей жерлерде су деңгейі 25 сантиметрге дейін көтерілген, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Салдарынан 10 көше мен 47 үйдің ауласын су алды. Тасқын салдарынан жеке тұрғын үйлердің бірінің қабырғасы құлаған. Сондай-ақ қаладағы инфекциялық аурухананың жертөлесі, автовокзал мен бірнеше дәмхана аумағы су астында қалды. Тұрғындар аман, ешкім зардап шеккен жоқ.
Жағдайды реттеу үшін Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды. Түні бойы тыным таппаған құтқарушылар мотопомпалардың көмегімен су сору жұмыстарын жүргізді.
«ТЖД мен 108 жеке құрам, 16 мотопомпа, 11 техника жергілікті биліктен 68 жеке құрам, 8 мотопомпа, 3 техника жұмылдырылды», – деді Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Фурхат Жолдасов.
Оқи отырыңыз: Зейнеткерді соққыға жыққан күдікті қамауға алынды