Тұрғындардың айтуынша, баспана стандартқа мүлдем сай келмейді, ал уәде етілген инфрақұрылым тек қағаз жүзінде қалған
Алатау ауданындағы «Комфорт плюс» санатымен сатылған көпқабатты тұрғын үй кешенінің пайдалануға берілгеніне небәрі үш жыл болса да, бүгінде мұндағы жағдай сын көтермейді. Тұрғындардың айтуынша, баспана стандартқа мүлдем сай келмейді, ал уәде етілген инфрақұрылым тек қағаз жүзінде қалған, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Үй иелері сатып аларда мектеп, балабақша және абаттандырылған аула болады деген уәдеге сенген. Алайда, қазір балалар көрші тұрғын үй кешендерінің алаңына барып ойнауға мәжбүр.
«Кілтімізді қаңтарда алдық. Ол кезде бізге жазда балалар алаңын жасап береміз деген. Өкінішке орай, ондай мүлдем болған жоқ. Көгалдандыру да, балалар алаңы да жоқ. Балалардың бәрі көрші ТҮК-ке барып ойнайды. Қазір жан-жағын қарасаңыздар, барлық жерде тоқтың сымдары шығып тұр. Қауіпсіздік мүлдем сақталмаған», – дейді қала тұрғыны Мәдина Әбдісаламқызы.
Инфрақұрылымнан бөлек, үйдің техникалық жағдайы да көңіл көншітпейді. Тұрғындардың сөзінше, тіпті домофон мен бейнебақылау камералары да орнатылмаған.
«Сатып алған кезде мектеп, балабақша, автотұрақ, шлагбаум, балалар ойнайтын алаң — барлығы болады деген. Бірақ, қазір соның біреуі де жоқ. Элементарлы домофонның өзі жоқ. Есіктер ашық-шашық жатады. Құрылыс компаниясы уәде береді, бірақ бәрі бос сөз», – дейді қала тұрғыны Мырзакелді Арифкулов.
«Мына жақтағы эконом санаттағы үйлердің жай-күйі бізден жақсы. Үйге кіргенімізге 3 жыл болды, әлі айнала шаң-топырақ. Не уәде етілген автотұрақ салынбады, не балалар алаңы. Жаңбыр мен қар кезінде шатырдан ұзақ уақыт су ағып тұрады. Бір жарым ай бойы төртінші қабаттан бірінші қабатқа су ақты. Бұл деген сұмдық қой», – дейді қала тұрғыны Даяна Ахметова.
«Біз қазір тіпті бояуға дейін алып қойдық. Мен тұрғындар чатына жазғанмын: күн жылынғанда ақырындап бастаймыз деп. Қыста ондай жұмыстар жасалмайды. Міне, енді күн жылынды, жұмысқа кірісеміз», – дейді Пәтер иелері кооперативінің өкілі Бақытгүл Іргембаева.
Құрылыс компаниясы ауланы абаттандыруды 1-мамырға дейін аяқтауға, ал үйдің шатыры мен басқа да кем-кетіктерін жөндеуді жылыту маусымы аяқталған соң 2–3 апта ішінде бітіруге уәде беріп отыр. Тұрғындар бұл жолы уәденің орындалуын қатаң бақылауда ұстамақ.
Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер – балалар игілігіне: Шымкентте заманауи жатақхана ашылды