Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 133 млрд теңгеге жетіп, 67,9 пайызға өсті
Алдын ала есептік деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысымен Түркістан облысына келген туристер саны 500 мың адамнан асып, 2024 жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш 2023-2024 жылдармен салыстырғанда тұрақты өсім бар екенін аңғартады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
E-qonaq жүйесі бойынша 48 400 шетелдік турист тіркеліп, бұл көрсеткіш бір жылда екі есеге көбейген. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай және Қырғызстан мемлекеттерінен келген.
Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 133 млрд теңгеге жетіп, 67,9 пайызға өсті. Орналастыру орындарының қызмет көрсету көлемі 8 млрд теңгені құрап, 24,5 пайыздық өсім көрсетті. Бүгінде облыста 265 орналастыру орны жұмыс істейді. 11 туроператор, 45 турагенттік компания және 66 гид-экскурсия өкілі қызмет көрсетуде. Бұл өңірде туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға және туристік ағынды тұрақты көбейтуге мүмкіндік береді.
Тарихи нысандарға келушілер саны 1 миллион адамға жетіп, 13 пайызға артты. Табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 151,9 мың адамды құрап, 18,1 пайызға өскен. Бұл көрсеткіштер киелі мекеннің ішкі және келу туризмі бойынша әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді.
Саяхатшыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан және Шымкент қалаларының әуежайлары арқылы әуе қатынастары кеңейтілуде. Қазіргі уақытта аптасына 147 рейс орындалады. Негізгі әуе компаниялары қатарында Air Astana, SCAT Airlines, FlyArystan, Turkish Airlines және өзге де халықаралық тасымалдаушылар бар. Бұл бағыттағы жұмыстар туристік ағынның географиясын кеңейтуге ықпал етеді.
Іскерлік туризмді дамытуға да айрықша мән берілуде. Жыл сайын 20-30 іскерлік іс-шара, инвестициялық және туризм форумдары, IT жобалар форумы мен халықаралық конференциялар өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар Түркістан облысының іскерлік және оқиғалық туризм орталығы ретіндегі имиджін нығайтуға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Жұмысынан айырылған қанша адамға әлеуметтік төлем төленді