Түркістан облысында 101 жастағы майдангер жас ұрпаққа ақ батасын берді

09.05.2025 19:49

Қалмен Мұратов мектепте оқып жүргенінде-ақ әскер қатарына шақырылған екен

"7-сынып оқып жүргенде әскерге шақырылдым". Ордабасы ауданындағы соғысты көзімен көрген жалғыз ардагер әңгімесін осылай бастады. Ғасыр жасаған Қалмен Мұратов арна тілшілеріне көкейдегі әппақ арманын да айтқан еді. Толығырақ Аlmaty.TV тілшісі Нұркен ӘКІМХАН баяндайды.

Бадам ауылында тұратын Қалмен Мұратов мектепте оқып жүргенде-ақ әскер қатарына шақырылып, Аягөздегі бір айлық командирлік курстан өткен. Сол жерде кіші сержант шенін алып, Беларусь майданында соғысқа араласады. Сөйтіп, Ржев-Великие Луки және басқа да қалаларды басқыншылардан азат етуге қатысқан.

«Дайындалдық, сол жерде бәрімізді киіндірді. Қалай жүру, қалай тұру керек, соғыста қандай болу керек бәрін үйретті. Немістердің біразын көрдік», - деді Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмен Мұратов.

Қарша бораған оқ пен оттың ортасында екі жыл болған қария Витебск қаласын жаудан азат ету кезінде қатты жараланады. Ал елге келген соң теміржол саласында еңбек етіпті. «Құрмет белгісі», «Еңбек ардагері» сынды марапаттар алып, зейнетке шыққан қарияның қазір жасы 101-ге келсе де, әлі тың. Ешкімге салмақ салмай, өзі жүріп тұрады.

«5-6 жыл болды. Соған дейін қатты жұмыс істейтін. Шөп оратын, мал қарайтын, бәрін өзі істеген. 8 баласын өсіріп, үй-жай салып, бәріне жағдай жасап берген. Осындай әкеміздің барына қуанамыз. Әкеміздің тәрбиесін біз де балаларымызға беруге тырысамыз», - дейді ҰОС ардагерінің ұлы Батыр Мұратов.

Қалмен Мұратов – I дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медалінің иегері. Әр мейрамда ұл-қыздары мен немерелері қарияны құттықтап келіп тұрады. Ел-жұртқа қадірлі ақсақал бейбіт заманның бағасын білуге үндеп, ақ батасын берді. 

Оқи отырыңыз: Алматыда ардагерлерге аллея ашу бастамасы әншілер қатысқан эконауқанға ұласты