Түркістан облысында 103 млн теңге субсидияға қатысты қылмыстық іс тергелді
Қылмыстық іс сотқа жолданды
Түркістан облысында 103 млн теңге субсидияға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мемлекеттік субсидияларды жымқырды деген күдікке ілінген қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады.
Тергеу мәліметінше, заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін үшінші тұлғалардың атына тіркелген төрт жеке кәсіпкерлік, сондай-ақ «Нұр-Келес» және «Бимен С.» ЖШС-лері пайдаланылған.
Күдіктілер бұл кәсіпкерлік нысандарын электрондық цифрлық қолтаңбалар, мөрлер және банк шоттарын басқаруға мүмкіндік беретін нотариалды сенімхаттар арқылы іс жүзінде бақылауда ұстаған.
Аталған кәсіпкерлік нысандары арқылы ақпараттық жүйелерге ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу, олардың қолда бары және асылдандыру жұмыстары жүргізілгені туралы жалған мәліметтер енгізілген. Осы мәліметтер негізінде субсидия алуға электрондық өтінімдер берілген.
Бюджеттен алынған қаражат кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген және жеке мақсаттарына жұмсалған деген күдік бар.
Келтірілген залалдың жалпы көлемі 103 млн теңгені құрайды. Бұл қаражат адал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға және өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға арналған.
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынған. Олардың қатарында екі тұрғын үй, төрт автокөлік, автотұрақ орны және жер телімі бар.
Күдіктілердің бірі қамауға алынған, екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Оқи отырыңыз: Инвестициялық штаб $150 млрд-тық 300-ден аса жобаның мәселесін шешті