Биыл облыс бойынша 145 мың гектар жерге «ақ алтын» дақылы егілген
Бүгін – Дүниежүзілік мақта күні. Ал елімізде ақ алтынды өсіретін жалғыз аймақ – Түркістан облысы. Қазір өңірдің оңтүстігінде нағыз қарбалас. Мақта теру науқаны қызған шақ. Егіншілер биыл 470 мың тонна шитті мақта жинауды көздеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы жылдары «ақ алтынның» отаны саналатын Түркістан облысында мақташылардың мәселесі жиі айтылады. Бірде баға төмендеп, диқандар нарықтың қыспағына түссе, енді бірде су тапшылығы шаруаның шыдамын тауысады. Мәселе болғанымен, оның шешімі де жоқ емес. Қазір мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында шаруалар жаңа техникамен жұмыс істеп, өнім терімін жеңілдетіп жатыр.
«Мақта науқаны жақындап қалды. Теріп жатырмыз. Бұл төрт жүйекті бірден алады. Диаметрін азайтып, жаңа секция қосуға болады. Өзбекстандық комбайн 2,5 гектар терсе, бұл 15 гектар тереді», – деді шаруа қожалығының басшысы Мұратбек Жарылқап.
Қазақстан мақта талшығы бойынша экспорттаушы ел ретінде танылса, ал дайын өнімдер – жіп, мата және киім-кешек сегментінде импортқа тәуелді. Сондықтан өңірде 5 бірдей мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүріп жатыр. Олардың жалпы өңдеу қуаты жылына 193 мың тоннадан асады. Бұл жергілікті нарықта тұрақтылық қалыптастырып, сыртқы саудаға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік бермек.
«Түркістан облысында 25 мақта өңдеу зауыты бар. 470 мың тонна жиналған шитті мақтаның шитін, талшығын бөлек өткізеді. Келесі жылы қосымша 28 мың гектарға су үнемдеу технологиясын пайдалана отырып, мақта егілетін болады. Түркістаннан қосымша жіп иіру, мата шығару зауыттары іске қосалады», – деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов.
Биыл облыс бойынша 145 мың гектар жерге «ақ алтын» дақылы егілген. Оның 50 мың гектарына су үнемдеу технологиясы қолданылыпты. Мұндай тәсіл суды екі есеге дейін үнемдеп, энергия мен еңбек шығынын азайтуға мүмкіндік берген. Ал дайын өнім Қытай, Бангладеш, Сингапур және Таяу Шығыс елдеріне жөнелтіледі.
Нұркен Әкімхан, Жұлдыз Қырғызбайқызы
Оқи отырыңыз: Алматыда су және кәріз желілеріндегі маусымдық жұмыстар толық аяқталды