Түркістан облысында көшеде төбелес шығарған басшы қызметінен босатылуы мүмкін

08.12.2025 15:35

Соңғы шешімді облыс әкімдігі қабылдайды

Түркістан облысында білдей бір басқарманың басшысы көшеде төбелес шығарған. Енді ол жұмысынан қуылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбада Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл жолда әлдебіреумен ерегіскені көрінеді. Кейін соңы төбелеске ұласқан. Қоғамда резонанс туғаннан кейін Мемлекеттік қызмет істері департаменті қызметтік тексеріс жүргізіп, мәселе әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Кеңес мүшелері шендінің әрекетіне мемлекеттік қызметкер этикасына сай келмейді деген қорытынды жасап, оны лауазымынан босатуды ұсынды. Соңғы шешімді облыс әкімдігі қабылдайды.

«Мемлекеттік қызметшіге лауазымына байланысты белгілі бір жауапкершілік жүктелген. Қызметте емес, қызметтен тыс уақытта да ол масаң күйде қоғамда жүрмеуі, біреудің денесіне зақым келтірмеуә керек. Бұл – мемлекеттік қызметке, оның принциптеріне қайшы келетін әрекеттер», – деді ҚР МҚІА Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев.

Оқи отырыңыз: Тіс емдеуге барып, көз жұмды: анестезиолог тағылған айыппен келіспейді