Түркістан облысында көшпелі жауынгер жерленген көне қорған табылды

02.06.2025 21:57

Археологтар Төлебайтөбе қалашығынан тоғыз қорымды анықтаған

Түркістан облысында көшпелі жауынгер жерленген көне қорған табылды. Сарбаздың сүйегі ағаш табытқа салынып, ерекше салтанатпен көмілген. Ал, мұндай жерлеу рәсімі аталған өңірде өте сирек кездеседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл жерде текті жауынгер жерленген. Себебі қорымның құрылысы өте үлкен. Мәселен әдетте шағын ғана болатын жерлеу жолы –  мұнда 10 метрге дейін жетеді.

«Жерлеу рәсімі ерекше болған. Алдымен керамика қойылып, содан кейін үстіне табыт орналастырылыпты. Бұл біздің өңірде көп кездеспейді. Мұндай деректер адамның тұрмыстық жағдайы мен қоғамдағы орнына байланысты болады», – деді археолог Гүлмира Стамқұлова.

Археологтар Төлебайтөбе қалашығынан тоғыз қорымды анықтаған. Бірақ оның барлығы дерлік тоналған. Десе де, кейбірінен тарихи маңызы бар көне бұйымдар табылды. Мамандар бұл артефактілерді Қаңлы мемлекетінің гүлденген кезеңіне тиесілі деп болжайды.

«Табылған жебе ұштарында және белдік ілгектерінде тері мен мата қалдықтары сақталған. Тіпті жібекке және жүнге ұқсайтын екі түрлі матаның жұқа орауыштары да бар. Бұл сол заманда тоқыма өнерінің дамығанын көрсетеді. Барлық айғақты ескере келе, археологтар бұл жауынгер сармат болуы мүмкін деп отыр», - деді Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкин.

Сондай-ақ қорымдардың бірінен металлды балқытуға арналған арнайы ыдыс табылған. Бұл жерленген адамның зергерлік шеберлікпен айналысқанын аңғартатын көрінеді.

«Ордабасы ауданы – еліміздегі археологиялық мұралар ең көп шоғырланған жер. Мұнда тас дәуірінен бастап, орта ғасырға дейінгі түрлі ескерткіштер бар. Қаңлы дәуірінің де көптеген мұрасы осы өңірден табылады», – деді «Ордабасы» Ұлттық қорық-музейі ұлттық тарихи-мәдени мұражай қорының бас сақтаушысы Бақытбек Қасымов.

Қазба барысында табылған барлық жәдігер еліміздің Орталық мемлекеттік музейіне жолданбақ. Ғалымдардың айтуынша, тарихи олжалар Қаңлы дәуірінің өмірі мен қоғамы туралы жаңа мәлімет береді.

Лаура Бабас, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Республикалық бюджеттен ірі жобалар ғана қаржыландырады