Түркістан облысындағы тұрғын үйде болған жарылыс: жаңа деректер айтылды

31.10.2025 20:04

Газ жарылысынан зардап шеккен әйелдің жағдайы ауыр 

Түркістан облысының Шәуілдір ауылында болған тұрғын үйдегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал газ жарылысынан жарақат алған әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайды облыс әкімі тікелей бақылауына алған. Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, зақымданған тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жақын күндері басталады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жойқын жарылыс кешқұрым уақта, кенеттен бұрқ ете қалған. Жарылыс 12 пәтерлі қызметтік үйде тұрғындардың бірі табиғи газды қосқан кезде болған. Соның салдарынан 35 жастағы әйел ауыр зардап шегіп, Отырар аудандық орталық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілген.

«Жағдайының ауырлығына байланысты жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылды. Санавиация желісі арқылы облыстық клиникалық ауруханасынан тиісті мамандар шақыртылып, еміне коррекция жасалды. Қазіргі таңда емдеу хаттамасына сәйкес жүргізілуде», - деді Отырар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жасұлан Байназаров.

Дүмпудің қатты болғаны соншалық көрші тұрған көпқабатты үйдің де терезелері сынып кеткен. Үш пәтердің қабырғасы опырылып қалған. Тіпті ауладағы көліктер де бүлініпті. Газ қоспасы жарылғанда көпқабатты үйде жеті адам болған екен. Қазір тұрғындар туыстарының үйіне уақытша қоныстанған. 

«Зардап шеккендерге қатысты тергеп-тексеру амалдары алдағы уақытта аяқталады. Біз сараптама шақырдық, қазір сараптама тағайындалып жатыр. Сараптама қорытындысы негізінде жарамдылық туралы шешім берілген жағдайда, бір-екі апта көлемінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі», – деді Отырар ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл.

Жарылыс болған баспана 6 жыл бұрын түрлі кәсіп иелеріне қызметтік пәтер ретінде берілген екен. Тұрғындардың сөзінше, жуырда газ құбыры тартылып, мамандар кеше табиғи газды қосқан. Енді апаттың нақты себебі арнайы тексеруден кейін белгілі болмақ. Қазір полиция жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде газ жарылды