Ақынның шығармашылық мұрасы қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алады
Түркістан жұрты даңқты ақын, ұлт қайраткері Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қазақ әдебиетінің абызымен қоштасуға елдің әр аймағынан зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ оның шығармашылығын қадір тұтқан қалың оқырман жиналды,
Ақынды жер қойнына табыстап, құран бағышталды. Әр өңірден келген ел ағалары, делегация өкілдері Мұхтар Шахановтың азаматтық ұстанымы мен шығармашылығын, сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Ол ұлт мүддесін бәрінен биік қойған қайсар тұлға еді. Мұхтар Шаханов тек әдебиетте емес, қоғам өмірінде де батыл үн қатты. Ақынның шығармашылық мұрасы қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алады.
«Қазақта ақын – батыр, батыр – ақын болу керегін дәлелдеген Ер Махамбеттен кейін тұлға – Мұхаң. Осы Отырар өлкесінен талай ұлылар кетіп оралмады. Бірақ ұлы ақынымыз ұлы даласына оралды. Туған жердің төсінде, жаны жәннаттан жай тауып, пейіште рухы шалқи берсін!» – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.
Оқи отырыңыз: Өлеңнің өзегі үзілген күн: Алматы жұрты Мұхтар Шахановпен қоштасты