Ол жәбірленуші қайтыс болғаннан кейін құқық қорғау органдарына хабарламаған
Туған әкесін аяусыз ұрып, қинап өлтірген түркістандық азаматтың жазасы ауырлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алғашында 5 жылға сотталған ер адам енді темір торда 6 жылын өткізеді. Себебі прокуратура бірінші сатылы соттың шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
Соның нәтижесінде сот істі қайта қарап, жаза мерзімін ұзартуға толық негіз бар деп тапты.
Еске салсақ, қайғылы жағдай өткен жылдың тамыз айында болған. 41 жастағы Алмас Садақбаев туған әкесін өлімші етіп сабап тастағаны анықталған. Кейіннен ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған қатігездігі үшін барша қазақ елінен кешірім сұраған болатын.
«Туған әкесінің денсаулығына қасақана орташа жарақат салып, ұзақ уақыт бойы қинап келгені, жәбірленушінің қайтыс болғаннан кейін құқық қорғау органдарына хабарламай, жерлеу әрекетін жасағаны үшін жаза мөлшерін ұлғайтуға толық негіз барын тапты», – деді облыстық соттың бөлім басшысы Заманбек Исмаил.
Оқи отырыңыз: Ана – өмір шуағы: Алматыда отбасы құндылықтарына арналған диалог алаңы өтті