Түркістанда заманауи вирусологиялық зертхана ашылды
Жаңа нысан Қазақстанның зертханалық жүйесін нығайтуға бағытталған
Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық сараптама орталығы» жаңа вирусологиялық зертханасының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Зертхана Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан Пандемиялық қордың елдік жобасы аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) қолдауымен және БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) жәрдемдесуімен құрылды.
Жаңа нысан Қазақстанның зертханалық жүйесін нығайтуға және елдің инфекциялық аурулардың өршуінің алдын алуға және оларға ден қоюға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.
Заманауи зертхананың іске қосылуы диагностикалық зерттеулерді жүргізу мерзімін едәуір қысқартуға, халық үшін зертханалық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және Қазақстанның халық ең тығыз орналасқан өңірлерінің біріндегі эпидемиологиялық қадағалауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Пандемиялық қордың гранты инфекциялық ауруларға эпидемиологиялық қадағалауды дамытуға, зертханалық жүйелерді жаңғыртуға, биологиялық қауіпсіздік пен биологиялық қорғанысты қамтамасыз етуге, инфекциялық аурулардың өршуін ерте анықтау және оларға ден қою тетіктерін жетілдіруге, инфекциялық бақылау шараларын күшейтуге және денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін дамытуға баса назар аудара отырып, ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға қолдау көрсетеді.
Зертхананың ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Дүниежүзілік банктің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аға экономисі және Пандемиялық қордың аға портфельдік менеджері, Пандемиялық қор басшысы Прия Басудың атынан қатысқан доктор Ампаро Елена Гордильо-Тобар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Өкілі доктор Скендер Сыла, БҰҰДБ, Ұлттық сараптама орталығы және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев былай деді: «Осындай ірі әрі халқы тығыз орналасқан өңір үшін өзінің заманауи вирусологиялық зертханасының болуы аса маңызды. Бұл, ең алдымен, диагностиканың жеделдігі және инфекциялық қауіптерге уақтылы ден қою мүмкіндігі. Біздің міндетіміз — өңірлердің зертханалық инфрақұрылымын жүйелі түрде нығайту, осылайша жүйе қазіргі сын-қатерлерге ғана емес, ықтимал жаңа эпидемиологиялық қауіптерге де дайын болуы тиіс».
«Түркістанда жаңа вирусологиялық зертхананың ашылуы пандемияларға дайындыққа салынған инвестициялардың денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға және халықты қорғау деңгейін арттыруға қалай ықпал ететінінің айқын мысалы болып табылады. Уақтылы диагностикаға қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ эпидемиологиялық қадағалау мен зертханалық әлеуетті нығайту Қазақстанға инфекциялық аурулардың қауіп-қатерлерін неғұрлым тиімді анықтауға және оларға ден қоюға көмектеседі. Мұндай инвестициялар елдердің денсаулыққа төнетін болашақ қауіптерге дайын болуына қажетті орнықты жүйелерді қалыптастыруға ықпал етеді», - деді Пандемиялық қор басшысы Прия Басу.
«COVID-19 пандемиясы мықты зертханалық жүйелердің ұлттық және жаһандық денсаулық қауіпсіздігінің негізі екенін көрсетті. Түркістандағы жаңа зертхана сапалы диагностикаға неғұрлым жедел қолжетімділікті қамтамасыз етуге, эпидемиологиялық қадағалауды нығайтуға және елдің инфекциялық аурулар қауіптеріне ден қоюға дайындығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан Үкіметінің, ДДCҰ-ның, Дүниежүзілік банктің, БҰҰДБ-ның және Пандемиялық қордың табысты ынтымақтастығының нәтижесі», - деген ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілі доктор Скендер Сыла денсаулық сақтау жүйелерінің орнықтылығына бағытталған инвестициялардың маңызын атап өтті
Салтанатты іс-шара аясында лентаны қию рәсімі өтіп, қонақтар зертхананың инфрақұрылымы мен жабдықтарымен танысты, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз сұхбатына қатысты.
Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Астанада ардагерлер мен жастар бірге ағаш отырғызды