ТЖМ Ақтау маңындағы ұшақ апаты болған жерден видео жариялады

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазіргі уақытта авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Астана қаласындағы Командалық орталықта және Маңғыстау облысының ТЖД-да жедел желі телефондары жұмыс істейді, оған 296 қоңырау түсті, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімі нақтыланып жатыр.

"Әзербайжан Республикасының делегациясы Ақтау қаласына жетті", -делінген хабарламада.

Сонымен қатар оқиға орнында үкіметтік комиссияның іс-қимылын үйлестіру үшін ТЖ министр генерал-майор Шыңғыс Әрінов, ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев және ТЖ жою департаментінің бастығы Ақтауға кетті.

Еске салайық, бүгін, яғни 2024 жылғы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Баку – Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer 190ar әуе кемесі апатты жағдай жариялап, Ақтау әуежайына қонуға жағдай жасау  туралы ақпарат түсті. Қону уақыты шамамен сағат 11:25 деп белгіленді.

Алдын ала ақпарат бойынша бортта 69 адам, оның ішінде 5 экипаж болған.

Маңғыстау облысы ТЖД күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді.

Сағат 11: 30-да әуежайдан 3 километр жерде ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы ақпарат түсті. Осыған байланысты жоғары ранг бойынша ТЖД күштері мен құралдары қосымша жіберілді.

ТЖМ Командалық орталығының базасында республикалық штаб құрылды, оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің, Ұлттық ұланның, Сыртқы істер министрлігінің және басқа да ведомстволардың өкілдері кірді.

Жалпы операцияға азаматтық қорғау қызметінің жеке құрамынан 701 адам және 82 бірлік техника жұмылдырылуда.

Сағат 11:45-тегі жағдай бойынша өрт оқшауланып, 12:05-те сөндірілді. Сағат 14:10-да 29 адам, оның ішінде 2 бала медициналық мекемелерге жеткізілді. Қазіргі уақытта авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда.

Медициналық көмек көрсету үшін Астана қаласынан санитарлық авиация борты Ақтауға жіберілді.

Оқиға туралы өзекті ақпаратты алу үшін жедел желі телефондары жұмыс істейді:

Астана қаласының командалық орталығында: 8-7172-55-96-21, 55-96-83.

Маңғыстау облысы ТЖД: 8-7292-31-90-91.

Осы сағатта жедел желі телефондарына 272 қоңырау түсті.

Оқи отырыңыз: Ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адам ауруханаға жеткізілді - ДСМ

Новости партнеров