Уәде мен ушыққан экология: Ескенеліктер әкімдіктен нақты шешім күтеді

Атырау облысындағы Ескене ауылы іргелес орналасқан мұнай зауытының жағымсыз иісіне тұншығып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысындағы Ескене ауылы іргелес орналасқан мұнай зауытының жағымсыз иісіне тұншығып отыр. Салдарынан тұрғындардың денсаулығы нашарлап, кешкі уақытта далаға шыға алмай қалған. Облыс әкімдігі  қауіпті аймақтағы елдімекенді 11 жыл бұрын көшіруге уәде еткен. Алайда амалы таусылған жұрт әлі күнге дейін назардан тыс қалғанын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Ескенеліктер 11 жылдан бері әкімдіктің құрғақ уәдесінен мезі болған. Тұрғындардың дені - зейнеткерлер мен көпбалалы аналар. Ауылдан небәрі 3 шақырым жерде 2 мұнай зауыты салынып жатыр. Ең қиыны - экологиясы ақсап тұрған аймақ үшін қос кәсіпорынның қатар бой көтеруі «жиылған үстіне жұдырық» болып отыр.

«Бұл мәселенің қозғалғанына бірталай жыл болды. Ноғаевтың кезінде де көтерілді, Шәпкенов келіп те құр уәде беріп кетті. Ауылдың көшірілетіні әуелден айтылғанымен, әзірге ешқандай іс тындырылған жоқ. Жаңа облыс әкімі түйінді тарқатады деген үміттеміз», – деді Ескене ауылының тұрғыны Есенжан Тұрланов.

Ескенеліктерді көшу мәселесінен бөлек, басқа да түйткілдер алаңдатады. Ауылда жол, мектеп, фельдшерлік пункт жоқ. Соның салдарынан тұрғындардың тең жартысы қалада пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

«Жағдай күн санап нашарлап барады. Жан-жағымыз - зауыт. Таза ауа жұта алмай қалдық. Күндіз топырақ ұшса, кешке зауыттан сасық иіс келеді. Көшу мәселесі көтерілгелі қанша жыл болды. Немерелеріміздің денсаулығына зиян болмасын деп басқа жаққа көшіріп жібердік», – деді ауыл тұрғыны Марат Ізбасаров.

Ал жауаптылар халықты көшіру мәселесі әлі де заң аясында қарастырылып жатқанын айтты.

«Осыған орай аудан әкімдігі тарапынан Ескене және Таскескен елдімекендерінің тұрғындарын экологиялық және әлеуметтік қауіпсіздігі қамтамасыз етілген аумаққа, атап айтқанда Атырау қаласына көшіру жайы қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта тиісті заңнамаға сәйкес облыстық деңгейде шешім қабылдану үстінде», – деді Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Бөлеков.

Десе де, ескенеліктердің үмітінен гөрі күдігі басым. Тұрғындар түйінді мәселе жыл соңына дейін нақты шешімін тапұанын қалайды.

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан

Оқи отырыңыз: Заңсыз тауар: Елорда әуежайынан жүздеген жаңа iPhone тәркіленді