Өскемендегі белгілі спортшының өлімі: сот үкімді өзгертті

Almaty.tv
Almaty.tv

Айыпталушыға қатысты сот үкімі биыл тамызда шыққан болатын

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты спортшы Эльер Юнусметовтің өліміне қатысты істі қайта қарап, кінәлі тұлғаға қатысты шығарылған жазаны қатаңдатты, деп хабарлайды Almaty.tv.

ШҚО сотының баспасөз қызметінен хабарлағандай, 34 жастағы спортшының өліміне қатысты сот үкімі биыл тамызда шыққан болатын. Сол кезде аталған іс бойынша басты айыпталушы 13 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Ол атыс қаруын заңсыз сақтағаны, оны алып жүргені және тасымалдағаны үшін (ҚК-нің 287-бабы, 3-бөлігі) және қасақана кісі өлтіргені үшін (ҚК-нің 99-бабы, 1-бөлігі) кінәлі деп танылды. Осы іс бойынша тағы бір адам қылмысты хабарламағаны үшін кінәлі деп танылды (ҚК 434-бабы). Оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

"2024 жылдың 13 қаңтарында Өскемен қаласында белгілі спортшы Э.Юнусметов келесі мән-жайларда өлтірілген. Э.Юнусметовты бұрыннан танитын азамат Т.-да оны өлтіруге бағытталған қылмыстық ойы туындап, ол қысқартылған тегіс ұңғылы моделі «ТОЗ-63» атыс қаруын өзімен алып, танысы азамат Г.-ға соңғының автокөлігімен қаланың орталығына жеткізуін сұраған. Азамат Г. оның қылмыстық пиғылын білмей, оны өз автокөлігімен қаланың ортасына жеткізген. Жол жөнекей Т. телефон арқылы Э.Юнусметовқа хабарласып, Пушкин атындағы кітапхананың маңында кездесуге келіскен. Сол маңайдағы көппәтерлі үйлердің ауласына автокөлікпен келіп тоқтап, Э.Юнусметовқа күтіп отырғанын хабарлаған. Өз кезегінде Э.Юнусметов сол жерге жаяу жақындаған кезінде, Т. автокөліктен шығып, Э.Юнусметовқа қолындағы қысқартылған мылтығымен екі рет атқан. Нәтижесінде алған дене жарақаттарының салдарынан Э.Юнусметов сол жерде қаза тапқан. Ал автокөліктің ішінде отырған Г. атыс қаруының дауысын естіп, болған қылмысты көргеннен кейін, жасалған қылмыс туралы хабарлауға жеткілікті уақыты әрі мүмкіндігі бола тұра, оны жасамай, керісінше азамат Т. автокөлікке қайтадан келіп отырғаннан кейін, сол жерден ізін суытқан.

Сотталушылардың кінәсі сотталушы Т.-ның берген жауаптарымен, куәлердің жауаптарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен расталды», - делінген сот хабарламасында.

Үкім шығарылғаннан кейін 13 жылға сотталған адам сот шешіміне шағымданып, жазаны қысқартуды сұраған.

"Сот үкімі апелляциялық тәртіпте сотталғандардың қорғаушысының және сотталған Т-ның жазаның мерзімін азайту туралы апелляциялық шағымдары бойынша, сондай-ақ жәбірленуші тараптың жазаны қатаңдату туралы уәждері жазылған апелляциялық шағымдары бойынша қаралды. Апелляциялық сатыдағы сот Т-ның жасаған қылмысының сипатын және оның жеке басын, нақты айтқанда, бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотты болғанын, жазаны ауырлататын мән-жай бар екенін ескере отырып, ҚК-нің 58, 60-баптарын қолданып, түпкілікті бас бостандығынан айыру жазасын 16 жылға белгіледі, ал Г-ға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.

Сотталған Т-дан қайтыс болған азаматтың зайыбының пайдасына 1 958 440 теңге материалдық шығын және 8 000 000 моральдық зиян, ал анасының пайдасына 8 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында жол апатынан 6 шетелдік азамат қаза тапты

Новости партнеров