Әуетакси: Қазақстанға бейімделген жаңа модель әзірленіп жатыр

20.05.2026 15:32

Аэротакси жобасын іске асыру үшін халықаралық деңгейде арнайы тендер ұйымдастырылған

Алатау аспанында болашақтың көлігі қалықтады. Орталық Азия тарихында алғаш рет электр қуаты арқылы тік ұшып-қонатын аэротакси сынақтан өтті. Бұрын тек фантастикалық фильмдерден көретін технология енді қазақ жерінде де әуеге көтерілді. Alatau City аумағынан ұшқан заманауи көлік құралы әуе мобильділігі дәуіріне жасалған алғашқы қадам ретінде бағаланып, қоғамда қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

Әлемде санаулы ел ғана игере бастаған бұл технология әзірге 11 мемлекетте қолданысқа енгізіліп жатыр. Қалалар арасындағы қатынасты жеңілдетуге арналған eVTOL аппараттары әсіресе Қытай, АҚШ және Еуропаның бірқатар елінде қарқынды дамып келеді. Ал Қазақстан бұл бағытта Орталық Азиядағы алғашқы алаңдардың біріне айналуы мүмкін. Жобаға жауапты компания өкілдерінің айтуынша, қазір еліміздің климаттық жағдайы мен әуе кеңістігінің ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстанға бейімделген жаңа модель әзірленіп жатыр.

«Болашақтың ауылы алыс емес» дегендей, Алатауда аэротакси көкке көтерілді. Жоба Алатау, Алматы, Қонаев қалалары мен туристік аймақтарды әуе арқылы байланыстыруды көздейді.

Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта әуе жолымен қатынау уақыты 10–15 минутқа дейін қысқарып, аппараттар сағатына 300–350 шақырым жылдамдықпен қатынауы мүмкін.

«Бұл құрылғының салмағы максималды жүктемемен бірге шамамен екі тонна. Борт шамамен 400-ден 500 келіге дейін көтере алады. Бір қуаттағанда ауада бір сағаттан артық қалықтайды. Ал максималды ұшу қашықтығы шамамен 250 шақырымға жетуі мүмкін. Жобаның жеке қазақстандық компаниямен бірлесіп әзірледік. Яғни, елде әуе мобильділігін дамытуды көздеп отырмыз. Жобаны бастамас бұрын мамандар халықаралық тәжірибені зерттеді. Алғашқы демонстрациялық рейстер үшін eVTOL жүк сынау, жеткізу және сертификаттау тәжірибесі бар қытайлық компания таңдалды», – деді Аэротакси шығаратын компаниясының өкілі Келлен Ши.

Сынаққа қойылған негізгі аппарат — қытайлық компаниясы жасаған жолаушыларға арналған eVTOL. Яғни, электр қуатымен жұмыс істейтін тік көтеріліп-қонатын әуе көлігі. Сырттай тікұшаққа ұқсағанымен, қозғалыс жүйесі мүлде бөлек. Аппарат биікке тік көтеріліп, кейін шағын ұшақ секілді әуеде еркін қозғалады. Аэротакси алты орынға есептелген: оның бесеуі жолаушыға, біреуі ұшқышқа арналған. Арнайы маман басқармай-ақ көкке көтерілетін әуекөлігі де бар. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес алғашқы сынақ жолаушыларсыз өткізілді. Қонақтар мен қатысушылар қозғалысты арнайы бақылау алаңынан тамашалады.

«Әуе кемесі 2 түрлі болады. Яғни ішінде пилот басқарады және сырттан басқарару жүйесі бар. Әуе кемесінің түріне байланысты 4-5 адамға арналған,160-200 км шамасында қашықтыққа дейін ұша алады Компаниялар сертификаттарын алса, 2028 жылға деген жоспар бар», – деді Әуе қозғалысын басқару компаниясының өкілі Дастан Зайнолда.

Аэротакси жобасын іске асыру үшін халықаралық деңгейде арнайы тендер ұйымдастырылған. АҚШ, Бразилия, Еуропа және Қытайдағы eVTOL өндірушілері арасынан Италия мен Оңтүстік Корея компаниялары таңдалған. Қазір Италияның UrbanV операторы мен Корея Әуежайлар корпорациясы бірлесіп, Алатау қаласының Golden ауданында UAM Center Eurasia жобасын әзірлеп жатыр. Бұл – Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе мобильділігі орталығы әрі болашақ вертипорт болмақ. Яғни, аэротаксилер ұшып-қонатын, қуатталып, техникалық қызмет көрсетілетін арнайы кешен салу жоспарланған.

«Жүйелі түрде дайындық жүру керек. Бұның ұшып-қонатын жері, ұшатын трассалары керек. Толық жүйе дайын болмайынша әрине жүру мүмкіндігі болмайды. Алатау қаласына тест ретінде екеуін алып келді. Осылар арқылы жұмыс жүреді. Негізі бағана презентацияларында болды. Дүниежүзі бойынша 11 қалада тестілеу басталды», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Жоба аясында әуе таксиін басқаратын мамандар да даярланып үлгерген. Олар үшінші санаттағы ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторларының сертификатын алған. Қазір Қытай - eVTOL аппараттары коммерциялық рейс орындайтын әлемдегі алғашқы әрі әзірге жалғыз ел. Гуанчжоу мен Хэфэй қалаларында әуе таксиі арқылы жолаушы тасымалы ресми түрде іске қосылған. Сарапшылардың болжамынша, биыл бұл саланың нарық көлемі 1,5 триллион юаньға жетуі мүмкін. Жоба адам тасымалына сертификат алса, елде 2028 жылы әуе көлігі қолданысқа енуі әбден мүмкін.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Алатау

Оқи отырыңыз: Алматы жаңа автобус бағыты мен LRT ашып, «ақылды» бағдаршам қойғалы жатыр