Үйдің қабырғасы жарылып жатыр: Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары шаңға көміліп отыр

Ботагоз Жокенкызы

Аудан әкімінің орынбасары тұрғындардың шағымы негізінде арнайы зерттеу жүргізілетінін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылының халқы бірнеше жылдан бері шаңға көміліп отыр, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Шетпе ауылының тұрғындары карьерлердің кесірінен зардап шегіп отырғанын айтты. Тауды жарып қиыршық тас өндіретін кәсіп иелері ауыл маңында тұратын халықтың жағдайын ескеріп отырған жоқ. Карьер жұмысынан кейін үйдің терезелері сынып, қабырғалары жарылып жатқанын айтты. Жыл сайын жөндеу жасап шаршаған тұрғындар шенеуніктерден көмек сұрайды

«Тау жарылған кезде халыққа әдемі әсер етіп тұр. Жер сілкінгендей болып тұр. Үйдің қабырғасы жарылып жатыр. Аудан әкімі де көрді. Көршім Нұржан деген жігіттің үйін барып қарады. Үйін темірмен құрсап қойды. Ондай үйлер көп. Менің де үйім құлауға шақ тұр», – деді ауыл тұрғыны Сәрсенбек Қуанбаев.

Тұрғындардың айтуынша, қиыршық тас тиеген жүк көліктері де ауыл ішінен өтеді. Бұл да шаңды күшейтіп отыр. Ауыл халқы көліктердің басқа жолмен айналып өтуін сұрайды.

«Үйімде келіншегім, балаларымның мұрны қышиды. Аллегрия пайда болды. Ақтауға барса, сол ауру сразу жоқ болып кетеді. Ал ауылға келсе қайтадан басталады. Адамға қаншама зардабын тигізіп жатыр», – деді ауыл тұрғыны Қайрат Еділханов.

Аудан әкімінің орынбасары тұрғындардың шағымы негізінде арнайы зерттеу жүргізілетінін айтты. Жарылыс күшін анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылған. Жеңімпаз анықталса, осы айда іске кіріспек.

«Зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жақын карьерден әртүрлі тротильде жаратын жарылыс құралдарымен жарады. Сосын жақын орналасқан үйге аппаратын сол жерге өлшем құралдарын қояды. Ары қарай Алматыда лабораторияда сейсмологиялық қорытынды береді. Бұл қорытынды егер карьердің кінәсі болса, зардап шеккен үйлерге, ғимараттарға жөндейді», – деді Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Маралбек Сейілов.

Өңірде қиыршық тас өндіретін 25 карьер тіркелген. Қазір осы карьер иелеріне келісімшарт пен лицензияда көрсетілген міндетін қайта орындау туралы ескерту жіберілген. Егер талаптар 30 қазанға дейін орындалмаса,  лицензиясы тоқтатылмақ.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Шымкентте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері сотталды

Новости партнеров