ҰҚК: Екі айда лаңкестік әрекеті үшін 13 адам бас бостандығынан айырылды

12.06.2026 15:16

Олардың екеуі – шетел азаматы

Елде 2 айдың ішінде лаңкестік және экстремистік қылмыс жасаған 13 адам сотталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, күдікке ілінгендер интернетте және өз айналасында экстремистік материалдарды таратып, азаматтарды террористік белсенді аймақтарға шақырған. Ал ұстанымдарымен келіспегендерді зорлық-зомбылыққа итермелепті. Солардың бірі Шымкент тұрғыны көпшілікті Қазақстанда теократиялық мемлекет құруға шақырып, терроризм идеясын таратқаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Жалпы жедел іс-шаралар нәтижесінде еліміздің 9 облысында осындай қылмыс жасады деген 12 адам ұсталды. Олардың екеуі – шетел азаматы.

«Терроризм және экстремизм сипатындағы қылмыстар жасады деп айыпталған 13 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сәуір-мамыр аралығында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан мен Абай облыстарында осыған ұқсас қылмыстар жасады деген күдікпен 11 адам ұсталды. Олардың ішінде 2 шетел азаматы және өзге елден экстрадицияланған Қазақстанның 3 азаматы бар», – деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі Қайырлы Ахмет.

Оқи отырыңыз: Алматы прокуратурасы 2 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғады