Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот: Апат болған үйде қайтадан жарықтар пайда бола бастады

Бұл туралы сол жердің тұрғыны Валерия Самсонова мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Үйдің қабырғасында жарықтар пайда бола бастаған». Мұны Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты өтіп жатқан сот процесінде куәгерлердің бірі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Марқұм Ұлдана Мырзуан қаза тапқан үйде қайтадан жарықтар пайда бола бастаған. Бұл туралы сол жердің тұрғыны Валерия Самсонова мәлімдеді. Қайғылы оқиғадан кейін жауаптылар ғимаратты күшейткен. Бірақ соған қарамастан, қауіп әлі де сейілмеген.

«Тура бір-екі апта бұрын, дәлізде жарықтар пайда болды. Тоғызыншы қабатта да бар. Техникалық қабаттан да үйдің жылжып жатқанын байқап отырмыз. Сондықтан қазір шынымен алаңдап отырмыз. Бастапқыда жарықтар тоғызыншы қабаттан жетінші қабатқа дейін болған. Ал қазір одан төмегі қабаттың қабырғасы да жарыла бастады»,– деді куәгер Валерия Самсонова.

Ізін сала Тұрғын үй қорын дамыту басқармасының басшысы Қызғалдақ Медетова сотта көпқабатты үйдің қасбетін қарап-тексеру тәртібін түсіндірді. Айтуынша, оларға баспананың техникалық жағдайын кәсіби бақылау міндеті тікелей жүктелмеген.

¤«Қолданыстағы құжатта төраға техникалық бақылауды міндетті түрде жүргізуі керек деп нақты жазылмаған. Тек үйді тексеру және мүліктің тізімін жасау міндеті көрсетілген. Егер қандай да бір ақау анықталса, оны жиналысқа шығару қажет. Мақсатты қаражат жинау, күрделі жөндеу жүргізу немесе техникалық зерттеу жасату мәселесі көтерілуі мүмкін», – деді Тұрғын үй қорын дамыту басқармасының басшысы Қызғалдақ Медетова.

Ал одан кейін Тұрғын үй инспекциясының маманынан жауап алынды. Ол 2017 жылы техникалық байқау жүргізілгенін растады. Алайда содан бері үйді қайта тексеруге ешқандай өтініш түспегенін айтты.

«Мұндай өтініштер болмады. 2017 жылы техникалық тексеру жүргізілген. Жүргізілген тексеру нәтижесінде 33%, 31% көрсеткіш болған. Ол осы үйдің жағдайы «қанағаттанарлық» санатына сәйкес келген және жүргізілген техникалық тексеру нәтижесінде тиісті ұсыным берілген», – деді ¤Тұрғын үй инспекциясы басқармасы техникалық бөлімінің басшысы Ербол Ахметов.

Еске салайық, қайғылы оқиға былтыр 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік көшесі, 24Б мекенжайындағы тұрғын үйдің маңында болған еді. Фельдшер Ұлдана Мырзуан қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Штат қысқарған жағдайда қызметкер қандай құқықтарға ие