Үлескерлер мәселесі: тұрғын үй нарығы қатаң бақылауда болады

03.09.2025 20:45

Елімізде проблемалық тұрғын үй нысанының саны 40-тан асады

Елімізде 4 мыңға жуық үлескер өз баспанасын күтіп жүр. Ал проблемалық тұрғын үй нысанының саны 40-тан асады. Жауаптылар бұл мәселені 2026 жылға дейін толық шешуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұндай жағдай қайталанбас үшін рұқсатсыз жарнама жасаған компанияларға салынатын айыппұл көлемі 300 айлық есептік көрсеткіштен 2000-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ заңсыз жобаға ипотека да берілмейді. Яғни, тұрғын үй нарығы барынша ашық әрі қатаң бақылауда болады. Ал қарапайым азаматтардың баспана аларда тәуекелге бармауы үшін арнайы онлайн-сервис іске қосылды. Енді екінші деңгейлі банктер мен EGOV қосымшасы арқылы кез келген тұрғын үй кешенінің заңды мәртебесін оңай тексеруге болады.

«Азаматтар онлайн режимде өзі таңдаған тұрғын үйге Бірыңғай оператордың кепілдігі бар ма немесе жергілікті атқарушы органның рұқсаты берілген бе,  соны тексере алады. Биылдың бірінші жартыжылдығында аталған сервиске шамамен 530 мың пайдаланушы жүгінген. Қабылданған шаралар тұрғын үй құрылысының ашықтығын қамтамасыз етуге, үлескерлердің қаражатын мақсатты пайдалануына, әлеуметтік шиеленісті төмендетуге және бюджетке түсетін салмақты азайтуға бағытталған», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков.

Сондай-ақ құрылыс компаниялары үшін Бірыңғай оператордың кепілдігін алу талаптары жеңілдетілді. Бұрын кемінде 3 жылдық тәжірибе керек болса, енді 2 жыл жеткілікті. Құрылыс көлемі де азайтылды. Астана мен ірі қалаларда 18 мың шаршы метрден 10 мыңға, өңірлерде 9 мыңнан 5 мыңға дейін төмендеді. Бұл кепілдік – үлескерлердің мүддесін қорғаудың мемлекеттік тетігі. Яғни егер құрылыс жүргізуші жобаны аяқтай алмай қалса, шаруа  «Қазақстан тұрғын үй құрылыс компаниясы» арқылы қамтамасыз етіледі. Кепілдік алғандардың жұмысы техникалық және қаржылық тұрғыда қатаң бақыланады.

 «Барлық рәсімдер аяқталған соң, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс компаниясы» мен Уәкілетті компания арасында кепілдік беру туралы шарт жасалады. Бірегей оператордың кепілдігі үлескерге қосымша кепілзатсыз құрылыс жүріп жатқан үйге ипотека рәсімдеуге және «Отбасы банк» арқылы зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, кепілдік тетігі үлескер құқықтарын сенімді қорғайды, құрылыс қаржысын ашық жүргізуді қамтамасыз етеді және құрылыс компаниясы қаржылық қиындыққа тап болса да жобаның аяқталуына кепіл болады», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков.

Оқи отырыңыз: Қостанай облысында жол апатынан 3 адам зардап шекті