Қазақтың ұлттық киімі – терең мағынаға, бай философияға толы қазына
Наурызнаманың онкүндігінде ерекше айдар алған Ұлттық киім күнінің мән-маңызы бөлек. Ал замана тоғысында сол өнерді ұмыт қалдырмай, оны қайта сәнге айналдырып жүрген шеберлердің еңбегі ерен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақтың ұлттық киімі – терең мағынаға, бай философияға толы қазына. Қарапайым оюлы шапан мен сәукеленің өзі – тұтас ұлттың жүріп өткен жолынан сыр шертеді. Бүгінгі сән әлемінде қазақтың зерлі камзолы күнделікті көйлекке айналып, бешпент пен шапан пиджак үлгісінде тігіліп жүр. Дизайнер Анель Асанова өз шеберханасында көне қазақ стилін жандандырып, тарихи фильмдерге арнап киім тігеді. Авторлық тақиялары бойжеткендердің сұранысына ие. Маманның сөзінше, киім өзгеруі мүмкін, бірақ оның мәні ұмытылмауы керек.
«Киімге өзіндік көзқараспен қарау, көне формаларды ұмытпай, заманауи маталарды қолдану үшін де қабілет керек. Түрлеріне қарай лайықты фактурадағы матаны табу қиын. Тарихи пішімді ғана қолданбай, оны ескіртіп көрсету – қызыға істейтін ісім, – деді этно-дизайнер Анель Асанова.
Қазақтың ұлттық киімі – халқымыздың ежелгі тұрмыс-салтынан, рухани дүниесінен сыр шертетін, ұлттық бірегейліктің басты көрінісі. Ежелден ол табиғи орта мен халықтың тұрмыс ерекшеліктеріне сәйкес қалыптасып, дамыды. Киім адамның әлеуметтік дәрежесін, өмір сүру деңгейін және руының айрықша болмысын көрсететін символ саналған. Этнограф мамандар қазір киімге тігілетін ою-өрнектің кейде ретсіз, мағынасы бұрмаланып пайдаланатынын да айтып отыр.
«Құс қанаты, мүйіз, сыңар мүйіз, қошқар мүйіз солар салынуы керек. Ал қымбат шапандарға шаңырақ, күннің бейнесінс алса болады, үлкен адамдар ғана киюі тиіс. Шапанның арқасына салынған әр оюдың мәні бар, оны дұрыс қолданбай жүрміз. Бірақ пайдалануға талпыныс бар. Бір жағынан жақсы», – деді этнограф Досымбек Қатран.
Соңғы жылдары этно-стиль сәнге айналды. Кәсіпкердің айтуынша, соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артқан. Әсіресе Наурыз қарсаңында тапсырыстар көбейе түседі.
Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов
Оқи отырыңыз: Nauryz Fashion Day: Алматыда ұлттық киім көрсетілімі өтті