"Ұлттық мәдениетіміздің айрықша арнасы": Арман Қырықбаев Қазақ киносы күнімен құттықтады
Мәдениет және ақпарат министрі қазақ киносының дамуына қатысты жоспарларды айтты
Қазақстанда кино саласын қолдау тетіктері жетілдіріліп, отандық фильмдерді өндіруге және ілгерілетуге жағдай жасалып жатыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Қазақ киносы күніне орай құттықтауында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрдің сөзінше, кино – ұлттық мәдениеттің маңызды бағыты. Ол өткеннің тағылымын, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді кейінгі ұрпаққа жеткізіп, Қазақстанды әлемге танытуға мүмкіндік береді.
"Кино – ұлттық мәдениетіміздің айрықша арнасы, бағыты. Өткеннің тағылымын, құндылықтарымыз бен дәстүрімізді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, бүгінгі болмысымызды тереңірек пайымдауға мүмкіндік беріп, Қазақстанды әлемге танытуға септігі ерекше сала. Сондықтан кино өнерін қолдау – шығармашылық индустрияны өркендетуге ғана емес, ұлттық болмысымызды нығайтып, өскелең ұрпақтың рухани негізін шыңдауға, өрісін кеңейтуге қосылған маңызды үлес.
Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен саланы қолдау тетіктері жетілдіріліп, ұлттық киностудияның әлеуеті нығайтылуда. Отандық фильмдерді өндіруге және ілгерілетуге қажетті жағдай жасалып келеді", - деп атап өтіт министр.
«Қазақфильм» әлеуеті күшейтіледі
Арман Қырықбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен кино саласын қолдау тетіктері жетілдіріліп, ұлттық киностудияның әлеуетін нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Бұл ретте Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының орны бөлек. Президенттің тапсырмасымен киностудияны тікелей мемлекеттік қолдау қайта қолға алынды. Ендігі маңызды қадам – «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын біріктіру.
Министрліктің міндеті – қолға алынған өзгерістердің нәтижелілігін қамтамасыз ету, саланың өндірістік және шығармашылық негізін нығайту, жеке кинокомпаниялардың мүмкіндігін кеңейту және көркемдік деңгейі жоғары, мазмұны терең фильмдердің жарыққа шығуына жағдай жасау", - деді Арман Қырықбаев.
Отандық фильмдердің аудиториясы кеңейіп келеді
Министрдің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын ондаған отандық фильм түсіріледі. 2024 жылы 94 фильм өндірілсе, 2025 жылы отандық прокатқа 103 туынды шыққан.
Сонымен қатар қазақ киносына деген көрермен ықыласы артып, отандық фильмдердің аудиториясы кеңейіп келеді.
"Киномұрамызды сақтау да аса маңызды. Қазақ киносының алтын қорындағы фильмдерді цифрландыру және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бұл классикалық туындылардың жаңа буын көрермен үшін қолжетімді болуына жол ашады.
Осы жылдың айрықша мән беретін тағы бір айтулы оқиғасы – көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуы. Бұл мерейтой ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен мерейтойлар күнтізбесіне енгізілді.
Бүгінгі қазақ киносына жаңа есімдер, тың авторлық идеялар, еліміздің өткені мен бүгінін, болашақ мұратын, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен жетістіктерін арқау еткен мазмұнды туындылар қажет. Мұндай фильмдер көрермен жүрегінен орын алып, Қазақстанды әлемге лайықты танытуы тиіс.
Барша киногерлерге жарқын премьералар, батыл шығармашылық ізденістер, көрерменнің ыстық ықыласы мен халықаралық аренадағы жаңа табыстар тілеймін! Қазақ киносы күні құтты болсын!" - деді министр өз құттықтауында.
Айта кетейік, бүгін, 12 қыркүйек – Қазақ киносының күні. Бұл мереке 2005 жылдан бері аталып келеді.
1941 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен Алматы киностудиясы құрылды. 1960 жылы киностудия «Қазақфильм» атауын алды. Ал 1984 жылы оған қазақ кинематографиясының көрнекті қайраткері Шәкен Аймановтың есімі берілді.
Қазақ киносы күнін атап өтуді 2005 жылы Қазақстан кинематографистері одағының сол кездегі басшысы Бауыржан Нөгербеков ұсынған. Содан бері 12 қыркүйек «Қазақ киносының күні» ретінде жыл сайын аталып өтіледі.
Оқи отырыңыз: Алматыда 14-20 қыркүйек аралығында ауа райы қандай болады