Іс-шара барысында асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойын түрлері кеңінен насихатталды
Алматы облысында Кепебұлақ ауылында Наурызнама тұжырымдамасы аясында «Ұлттық ойындар күні» атты тағылымы мол іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv
Мақсаты – ұлттық ойындарды дәріптеу, жас ұрпақтың бойында халқымыздың салт-дәстүріне деген құрметті қалыптастыру.
Іс-шара барысында асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойын түрлері кеңінен насихатталып, оқушылар шеберлігін көрсетті.
Ойын барысында Мерей Байжановтың шәкірттері мергендігімен көзге түсті.
«Асық ату мен бес асық – қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық ойындары. Ол балаларды мергендікке, шапшаңдыққа, сабырлылыққа тәрбиелейді. Бес асықты көбінесе қыз балалар ойнаған. Ол зейін мен жылдамдықты күшейтеді. Балалар ойын ережелерін меңгеріп, түрлі сайыстарға қатысу арқылы өз шеберлігін шыңдайды. Сонымен қатар ұлттық ойын арқылы салт-дәстүрін тереңірек танып, рухани байиды», – деді үйірме жетекшісі Мерей Байжанов.
Оқушылар үйінде түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істеп, әрбір оқушы өз қабілетіне сай өнер мен білімнің жаңа қырын игеруге мүмкіндік алуда.
Ұлттық спорт түрлерін насихаттайтын асық ату және бес асық үйірмесіне оқушылар арасында сұраныс көп.
Оқи отырыңыз: Алматыда 500 студент «Ерке сылқым» күйін орындады