Ұлттық театрға 100 жыл: «Еңлік – Кебек» қойылымы қойылды

Театр шымылдығы алғаш рет ғасыр бұрын Мұхтар Әуезовтің осы трагедиясымен ашылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатыр. Мерейлі кеш өнер ордасының тарихымен біте қайнасқан, театрдың айрықша белгісі «Еңлік – Кебек» қойылымымен өрбіді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1926 жылы Қызылордада іргесі қаланған қазақ театры – ел тарихындағы тұңғыш кәсіби сахна. Сол сәттен бастап ұлт руханиятының жаңа дәуірі басталды. Әкем театрдың мерейтойы Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен «Тұңғыш ұлт театрына 100 жыл: дәстүр, жаңашылдық және көркемдік трансформация» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциядан басталды. Басқосуда өнер ордасының ғасырлық тарихы таразыланып қана қоймай, театр өнерінің ертеңін айқындайтын маңызды тақырыптар талқыға салынды. Сондай-ақ  «Ғасыр жасаған Ұлт театры» көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, ең жарқын сахналар көрсетілді.

«Бір ғасыр өмір сүргенмен, оның мазмұны мен мәні, оның қойнауында сақтаған арыстарымыздың өнері, бүкіл әлемге паш еткен театр тарихы, театр тағылымы, кеңес одағының кезінде 15 республикадан асып түсіп, бүкіл әлемдік дәрежеге жеткізген аталарымыз бен аналарымыздың еңбегі ұлан-ғайыр», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл

«Театрда жылда шығармашылық өзгеріс енуі керек. Сондықтан үлкен теартда жақсы жағынан өзгерістер, жаңалықтар, заманауи драматургия, заманауи режиссура, заманауи актерлік ойын болуы керек», – деді ҚР Халық әртісі Дулыға Ақмолда.

Ғасыр бойы өнер ордасында «Абай», «Қобыланды», «Қарагөз», «Айман – Шолпан» сынды сахна жауһарлары қойылып, қалың көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленіп келді. Театр 1928 жылы Алматыға қоныс аударып, 1937 жылы академиялық мәртебе алып, түрлі мемлекеттік марапаттарға ие болған. Ал 2020 жылы ұжымға Ұлттық театр мәртебесінің берілуі – ғасырлық еңбектің бағаланғанының көрінісі.

Айта кеткен жөн, өнер ордасының халықаралық аренада да мәртебесі асқақ, өресі биік. Мәселен, кешегі өткен конференция аясында ұжым Әзірбайжан театрымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

«Осы екі театрдың арасындағы режиссура, драматургия алмасу, актерлердің тәжірибесін жетілдіру, семинар, конференция өткізу, ең бастысы гастрольдер ұйымдастыру туралы екі жақты келісімге қол қойдық. Олар да қызығушылық танытып, театрға жас актерлерін тәжірибеден өткізу туралы ұсынысын айтып келді», – деді М. Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

Театр шымылдығы алғаш рет ғасыр бұрын Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясымен ашылған. Сондықтан кешегі іс-шарада араға жүз жыл салып, тарихи сабақтастық үзілмей, қойылым қайта сахналады. Ал ғасырлық тойға жиылған жұрт ұлтқа тұтқа болған ұлттық театрдың өнеріне тағы да сүйсініп, тағы да таңдай қағып қайтты.

Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Ұлттық театрға 100 жыл: Алматыда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Новости партнеров