Цифрлық технологиялар алаңында инновациялық жобалар таныстырылып, бірегей роботтар қонақтарды қарсы алды
Алматыда Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қазақы салт-дәстүрді заманауи технологиямен ұштастырған Digital Nauryz фестивалі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Цифрлық технологиялар алаңында инновациялық жобалар таныстырылып, бірегей роботтар қонақтарды қарсы алды.
Алматы дәстүр мен технологияны үйлестірген бірегей алаңға айналды. Digital Nauryz фестивалінде ерекше стартаптар ұсынылып, технологиялардың мүмкіндігі көрсетілді. Мәселен роботтар қонақтарды қарсы алып, ал оқушылар өз қолымен құрастырған жобаларын көпшілікке таныстырды. Жас дарындар алдағы уақытта Хьюстонда өтетін әлемдік чемпионатқа қатыспақ.
«Жыл сайын Алматыдағы IT-сектор шамамен 1 миллиард доллар көлемінде табыс әкеледі. Сондықтан IT мамандары өз өнімдері мен шешімдерін дамытып, осындай хабтарды құру өте маңызды», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
«Қазір біз Хьюстонда өтетін жарысқа қызу дайындалып жатырмыз, бұл – осы сайыстың ең жоғарғы кезеңі», – деді робототехник Арыстан Әбжанов
Digital Nauryz фестивалінде жасанды интеллектінің медицина саласында да кеңінен енгізіліп жатқаны айтылды. Мәселен, қазақстандық IT-компаниялар дәрігерлерге құжаттардағы қателіктерді анықтауға мүмкіндік беретін шешімдер әзірлеуде. Сарапшылардың дерегінше, бүгінде медициналық жазбалардың үштен бір жуығында түрлі қателік кездеседі.
«Кей жағдайларда дәрігерлер диагнозды қате жазып қоюы мүмкін. Біз осындай сәттерде көмек көрсетеміз. Егер қате анықталса, оны түзетуге болады. Бұл дәрігердің орнын алмастырмайды, керісінше, оның жұмысын жеңілдететін көмекші құрал», – деді IT-компанияның құратайшысы Жарасхан Аман.
Digital Nauryz фестивалінде дәстүрлі «тұсау кесер» рәсімі де көрсетілді. Жаңа жолдың символы саналатын бұл ғұрып бұл жолы технологиялық форматта ұсынылып, мәдениет пен инновацияның үйлесімін көрсетті.
Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда Ұлттық спорт күні кең ауқымда аталып өтті