Мемлекет 2009 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын іске асырып келеді
Қазақстанның ауылдық жерлерінде кадр тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып тұр. Осыны ескеріп, мемлекет 2009 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын іске асырып келеді. Ұлытау облысында соның аясында 130-дан астам жас маман ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан. Аlmaty.TV тілшісі Алтынгүл Төлегенова бағдарлама бойынша елдімекендерге келгендермен сұхбаттасып, олардың жұмысы мен тұрмыс жағдайы туралы біліп қайтты.
Биыл Ұлытау облысында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысуға 40-қа жуық өтініш түскен. Былтыр да бұл бағытта жас мамандарға қолдау көрсетілген болатын. Осы үш жыл ішінде бағдарламаның қаржыландыру көлемі 791,6 миллион теңгеге жетіп, 130-дан астам адам қолдау тапты.
«Қазіргі таңда Ұлытау облысы құрылған сәттен бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 130 дан астам маманға көтерме жәрдемақы және баспана алуға несиелер берілді. Бұл - ауылдық аймақтардың әлеуетін арттыру мақсатындағы жүйелі жұмыстардың бірі және ауылдық жерлерде кадр тапшылығын болдырмауға бағытталған қадам», - дейді Экономика басқармасы басшысының орынбасары Расул Мұхамеджанұлы.
Жас мамандар қаладағы жоғары оқу орындарында алған білімдерін ауылда іске асырып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы Ұлытау облысындағы Кеңгір ауылының мектебінде кадр тапшылығы шешілді. Қазір 2700 тұрғыны бар бұл елдімекенде 500-ге жуық оқушы білім алып жатыр.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы Қазақстан бойынша жүзеге асырылып жатыр. Аталмыш бағдарламамен бізде Кеңгір ауылына 2025 жылы 2 жас маман келіп, біреуі мұғалім, біреуі психолог болып жұмыс істеуде. 2024 жылы 4 маман: 1 дәрігер, 3 мұғалім келген болатын», - деді Кеңгір ауылдық округінің әкімі Рүстем Есмағанбетов.
Кеңгір ауылында биылдан бастап жас маман Еркеназ Түгелбаева мектептің психолог‑педагогі болып қызмет етіп келеді. Ол – «Дипломмен‑ауылға» бағдарламасы аясында ауылға аттанған. Еркеназ балалардың психологиялық жағдайын жақсартып, олардың дамуына қолдау көрсету үшін бар күшін салып, жаңа бағытта жұмыс істеуді мақсат етіп отыр. Оның айтуынша, бұл бағдарламаның көмегімен ауылдағы білім беру саласына өз үлесін қосуға мүмкіндік алды.
«Мен мемлекеттік тарапынан бір реттік көмек алған болатынмын. Алдағы уақытта үй кезегіне тұрып, «Жастар бағдарламасы» бойынша үй алудан үмітім бар. Мемлекеттен берілген бұл көмек үлкен мүмкіндік пен жауапкершілікті сезінуге көмектесті», - дейді жас маман Еркеназ Түктібаева.
Айым Құлтаева да «Дипломмен ауылға» бағдарламасының пайдасын көргендердің қатарында. Уражайный ауылы – бағдарлама аясында жас мамандарды қабылдаған елдімекендердің бірі. Айым үш жыл бұрын осы ауылға жас ұстаз ретінде жұмысқа орналасқан еді. Қазір бала күтіміне байланысты демалыста екен.
«2020 жылы колледжді бастауыш білім беру мамандығы бойынша бітірдім. Кейін колледждің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі осы бағдарлама аясында “Урожайный” деген ауылға баруға ұсыныс жасады. Жастарға жақсы мүмкіндік деп қызығып, үш қыз болып сол ауылға бардық. Келген бетте көтерме ақы ретінде шамамен 280 мың теңге берілді. Бағдарлама бойынша жалпы 5 млн 175 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетілді. Сол қаражатқа біз өзімізге баспана алдық», – дейді жас маман Айым Құлтаева.
Жас мамандардың ауылға келуі елдімекендердің әлеуметтік деңгейін көтеріп, кадр тапшылығы мәселесін шешуге жол ашады. Ұлытау облысында бұл бағытта жұмыс ары қарай да жалғасады. Бағдарлама еліміздің барлық ауылдық аймақтары үшін жаңа серпін береді.
Алтынгүл Төлегенова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматыда балабақша бүлдіршіндері қамыстан робот жасап жүр