Ұлытауда ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қызметке қолжетімділігі мәселесі көтерілді

15.07.2026 20:20

Ерекше қажеттілігі бар азаматтың анасы жауапты органдардан көмек сұрайды

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғыны бірінші топ мүгедектігі бар ұлының әлеуметтік қызметтерден шет қалып отырғанын айтып, көмек сұрайды. Анасының айтуынша, арбаға таңылған әрі көру қабілеті бұзылған Асхат Бейсембаев қазір үйден шыға алмай, қоғамнан оқшауланып қалған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Асхат 18 жасқа толғанға дейін ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы орталыққа барып, мамандардың көмегін алып келген. Алайда кәмелет жасына жеткеннен кейін ол бұл қызметті пайдалана алмай, үйде отыруға мәжбүр болған.

«Менің балам – бірінші топтағы мүгедектігі бар азамат. Біз 11 жыл бойы Жезқазған қаласындағы «Аялы алақан» арнайы орталығына барып жүрдік. Қазір баламның құқығы шектеліп отыр. Баламды сол орталыққа қайта қабылдасын деген талап қоямын. Себебі ол күнде таңертең «балабақшаға барамын» деп жылайды. Сол ортаға әбден үйреніп қалған. Осы мәселеге көмектеседі деген үмітпен шығып отырмын», – деді ерекше қажеттілігі бар азаматтың анасы Мархабат Бейсембаева.

Баласының әлеуметтік қолдаудан айырылғанына алаңдаған ана бірнеше рет арнайы орталыққа жүгінген. Алайда мекеме басшылығы Асхатты қабылдай алмайтындарын айтқан. Себебін анықтау үшін ол «Нұр-Мақсат» мүгедектер қоғамдық бірлестігіне жүгініп, жазбаша жауап алған.

Ұйым өкілдерінің түсіндіруінше, қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, тек психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан азаматтарға ғана арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алған.

«Осы жердегі «Нұр-Мақсат» орталығы ашылмай тұрып, қолымнан келгенше көмектестім. 350 мың теңге бердім. Пандус пен есік орнатуға да қаржылай қолдау көрсетіп, орталықтың ашылуына себепкер болдым. Ақырында «балаңыз жүрмейді» деп қабылдамай қойды», – деді ерекше қажеттілігі бар азаматтың анасы Мархабат Бейсембаева.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүгіндік. Басқарма өкілдерінің айтуынша, Асхаттың диагнозы аталған орталықтың қызмет көрсету бағытына сәйкес келмейді. Сондықтан оны бұл мекемеге қабылдау заң жүзінде мүмкін емес.

«Бұл орталыққа тек психоневрологиялық диагнозы бар адамдар қабылданады. Болашақта осындай өзге бағыттағы орталықтарды ашу жоспарда бар. Бірақ мұндай мекемелер бір күнде ашылмайды. Әзірге нақты мерзімі белгіленген жоқ. Қазіргі таңда өңірде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған төрт күндізгі орталық жұмыс істейді. Оның екеуі Жезқазған қаласында, екеуі Сәтбаев қаласында орналасқан», – деді Ұлытау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Құрмет Саттыбаев.

Дегенмен, ерекше қажеттілігі бар азаматтың анасы бұл жауаппен келіспейді. Оның айтуынша, мұндай азаматтар да қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қатарластарымен араласып, әлеуметтік қолдау мен оңалту қызметтеріне қол жеткізуі тиіс.

Айта кетейік, бүгінде Ұлытау облысында 11 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұр. Оның 1 мың 100-ден астамы – 18 жасқа толмаған балалар.

Алтынгүл Төлегенова, "Алматы" телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Алматының Ақжар шағынауданында 89 көше жаңартылып жатыр