Ұлжан Солтанбекова: Бала саулығы – үлкен жауапкершілік

06.03.2026 16:54

Ұлжан Солтанбекованың әр күні кішкентай науқастарды тексеруден басталады

«Бала саулығы – үлкен жауапкершілік». Дәл осы ұстанымды ұстанып, күн сайын сәби денсаулығы үшін күресетін жандар бар. Алматыдағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері  Ұлжан Солтанбекова кішкентай науқастардың қайта жүріп кетуіне, қол-аяғын еркін қозғалтуына көмектесіп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлжан Солтанбекованың әр күні кішкентай науқастарды тексеруден басталады. Бірін отаға дайындаса, екіншісіне ем-дом тағайындайды. Сондықтан әрбіріне ерекше көңіл бөледі. Ол үшін әр бала – жеке тағдыр. Еңбек жолын балалар хирургы ретінде бастаған Ұлжан уақыт өте келе тәжірибесін шыңдап, травматология мен ортопедия саласын меңгеріп, бүгінде қаладағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында еңбек етеді. Пациенттері оған өз өмірін сеніп тапсырады. Бүгінде ол жүздеген балаға көмек көрсеткен.

«Ұлымда остеомиелит диагнозы 2018 жылы қойылған, аяғын емдетіп келеміз. Екінші отасы жасалды, Аллаға шүкір, жақсы! Ұлжан Солтановнаға, алғысым шексіз. Қазақстанда осындай мамандар көп болсын. Ол –нағыз жанашыр маман», – деді науқастың анасы Гүлмира Абылайова.

Дәрігер туа біткен және жүре пайда болған сүйек-буын ауруларын емдейді. Яғни, қол мен аяқтағы түрлі деформациялар, аяқтың қисаюы, жарақат сияқты диагноздармен бетпе-бет келеді. Кәсібилігін арттыру мақсатында Ресей, Өзбекстан сияқты шетелде өткен халықаралық конференциялар мен шеберлік сағаттарына қатысып, тәжірибе жинаған. Ғылыми жұмыстарға да белсенді атсалысады. Балалардағы туа біткен маймақтық мәселесі бойынша бірнеше ғылыми баяндама жасап, мақалалар жариялаған. Алайда ол үшін ең үлкен марапат – алдына келген баланың қайтадан еркін қозғалып кетуі.

«Үйге барған кезде, жатарда, түнде уайымдаймыз. Ойламау мүмкін емес. Өйткені жұмысың жауаптысың. Кейде пациенттер дәргердің айтқанын орындамайды. Ол кезде, тіпті уайымдайсың. Үлкен адамдармен жұмыс істей алмаймын. Балалармен жұмыс істеген қатты ұнайды», – деді балалар травматолог-ортопед дәрігері Ұлжан Солтанбекова .

 Айта кетейік, №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында кішкентай науқастарға арналған күрделі хирургиялық ем жүргізіледі. Тіпті, шетелге шықпай-ақ, отандық дәрігерлердің жоғары кәсіби біліктілігі мен халықаралық тәжірибесі арқасында түрлі ота жасалады.

Диана Тұрлыбек, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Әр минут қымбат: Алматыдағы балалар ауруханасында 20 реаниматолог жұмыс істейді

Теги: медицина