Ұмытылмас ерлігің: Алматыда ғұмырнамалық кітаптың тұсауы кесілді

08.05.2026 18:29

Туындыға соғыс ардагері Жүніс Бірібаев пен тыл ардагері Тұрлыхан Есіркенованың ерлігі мен ерен еңбегі арқау болған

«Ұмытылмас ерлігің». Алматыда осындай атаумен Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында батырлық танытып, сұм соғыста жан алысып, жан беріскен Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Жыланды ауылының азаматтары жайлы ғұмырнамалық кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Туындыға соғыс ардагері Жүніс Бірібаев пен тыл ардагері Тұрлыхан Есіркенованың ерлігі мен ерен еңбегі арқау болған. Оған түрлі жылдары жарық көрген мақалалар, естелік әңгімелер мен ақын Айбол Абашовтың өлеңдері енген. Кітап авторы Нұрбану Бірібаеваның сөзінше, бұл еңбек – батыр бабалар ұрпақтарының шексіз алғысы мен терең құрметінің көрінісі.

«Бейбіт өмірде бұл кісі талай қызмет атқарды, ауыл кеңесінде басшысы болған, хатшысы болған. Кейінгі кезде зейнетке шықса да,туған жері Карл Маркс атындағы колхозда көз жұмғанша қызмет етті», – деді кітап авторы Нұрбану Бірібаева.

«Жастық шағы, туғаннан бастап, соғыс уақытындағы қиын-қыстау кезеңдердің бәрін жіпке тізгендей кейінгі ұрпаққа ұлағат болсын, оқыған жастар Отанды, халықты сүюді, елге деген махаббат қандай болу керек екенін біліп өседі», – деді радио дикторы, қр мәдениет қайраткері Аманжан Серіков.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық оқушылар Балқан олимпиадасында үздіктер қатарына енді