Үнемі аз ұйықтау денсаулыққа қаншалықты қауіпті

28.09.2025 17:36

Тәулігіне жеті сағаттан аз ұйықтау түрлі созылмалы ауруға себеп болуы мүмкін

Depositphotos.com

Тәулігіне жеті сағаттан аз ұйықтау ағзаға ұзақмерзімді зиян келтіріп, түрлі созылмалы ауруға себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Сомнолог маман Максим Новиковтың айтуынша, ұйқы жетіспеуі семіздікке әкеліп, үнемі аштық сезімін тудырады. Әсіресе адам көмірсуы мол және жоғары калориялы тағамдарға құмарта бастайды.

Сондай-ақ жеткілікті ұйықтамау психикалық денсаулыққа әсерін тигізіп, депрессия мен мазасыздықтың өршуіне түрткі болуы мүмкін.

«Көптеген адам өзін қалыпты сезінгенімен, ұйқысыздық жылдар бойы байқалмайтын жүйелі зақымдарға жол ашады», – дейді дәрігер.

Новиков ұйқыны биологиялық қажеттілік ретінде қарастыруды ұсынады, яғни күн сайын кемінде жеті сағат ұйықтау, бір уақытта жатып, бір уақытта тұру, кофе мен алкогольден бас тарту және жайлы орта қалыптастыру маңызды.

Мамандар сондай-ақ дене белсенділігін күннің бірінші жартысына жоспарлаған жөн екенін айтады. Оның айтуынша, ерте тұрған сәтте жеңіл жүгіру ағзаны сергітіп, тонусты арттырады. Ал ұйқы басып бара жатса, кешкі сағат 19:00-ге дейін жеңіл жаттығу немесе жүгіріс жасауға болады.

Дереккөз: «Известия»

Оқи отырыңыз: Дәрігер ішек микрофлорасына пайдалы тағамдарды атады