Қаулы келер жылдан бастап күшіне енеді
Қазақстанда үш ай бойы жұмыс істемеген немесе зейнетақы жарналарын төлемеген азаматтар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылауына алынады. Бұл өзгеріс 2025 жылғы 29 қыркүйекте қабылданған Үкімет қаулысымен енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құжатқа сәйкес, министрлік мұндай азаматтар туралы мәліметтерді жинап, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолдап отырады. Ал корпорация деректерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізеді. Сонымен қатар Қазақстанда уақытша жүрген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері туралы мәліметтер де осы жүйеге жіберіледі.
Мақсат – елде жұмыс істемейтін азаматтардың және мигранттардың әлеуметтік және медициналық сақтандыру мәртебесін нақты қадағалау.
Айта кетейік, қаулы келер жылдан бастап күшіне енеді.
Оқи отырыңыз: Үкімет 2029 жылға дейін ішкі өнімді екі есеге арттырмақ