Үш айдан бері базада жоқпыз: жүргізуші куәлігін алу үшін оқуын аяқтаған курсанттар шағым айтты

04.08.2025 21:47

Әрқайсысы автомектеппен келісімшартқа отырып, оқу үшін 105 мың теңге көлемінде ақы төлеген

«Сертификат екі айда дайын болады». Жүргізуші куәлігін алу үшін оқуды толық аяқтаған 350 курсант тиісті құжатын 5 айдан бері ала алмай жүргеніне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаскелеңде жүргізуші куәлігін ала алмай жүрген 15-тен астам азамат автомектеп филиалының алдына жиналды. Курсанттардың айтуынша, оқуды толық аяқтағанына бес айдан асса да, оларға тиісті сертификат әлі берілмеген. Ал онсыз ресми емтихан тапсыру мүмкін емес. Әрқайсысы автомектеппен келісімшартқа отырып, оқу үшін 105 мың теңге көлемінде ақы төлеген.

«Үш айдан бері не базада жоқпыз, не сертификат алмадық. Сот жүріп жатқанын айтты, ол қашан бітеді, біздің мәселеміз қашан шешіледі, білмейміз?» – деді  курсант Айдана Сыдықова.

«Жаңадан оқушылар келеді ғой, оларды бөлек топпен оқытпайды. Бұрынғы топқа қоса береді. Адамдарды қабылдауды тоқтатпады», – деді курсант Лаура Қошқарбаева.

Курсанттардың айтуынша, дәл осындай жағдайға тап болғандардың саны 15 емес, 350-ге жуық. Бұл – тек бір ғана филиалдағы көрсеткіш.

Ал автомектеп әкімшілігінің айтуынша, биыл жүргізуші курсын аяқтағаны жөніндегі куәлік қағаз түрінде берілмейді. Барлық мәліметтер Ішкі істер министрлігінің Avtomektep.kz электрондық жүйесіне енгізіледі. Онда курсанттар бірыңғай базаға тіркеліп, күнделікті сабаққа қатысуы мен үлгерімі бақылауға алынады. Бұл оқу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және жалған құжат айналымын болдырмау үшін жасалған.

«Автомектепте топтар қажетті адам саны жиналғаннан кейін ғана тіркеледі. Яғни белгілі бір санаттарға жеткілікті курсант жиналған соң, ресми түрде «avtomektep» жүйесіне енгізіледі. Сол сәттен бастап 2,5 айлық оқу мерзімі есептеледі. Тек содан кейін ғана жүйеде «оқуды аяқтады» деген мәртебе шығады. Яғни, бұл курсанттың құжаты десек те болады. Ал Қаскелеңдегі жағдайға байланысты курсанттар кезең-кезеңімен тіркеліп жатыр, тек күту қажет. Базада ешқандай ақау жоқ», – деді автомектептің бас директоры Назира Нұрбекова.

Автомектеп басшылығы мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр десе де, 5 айдан бері нәтиже күткен жұрт құр уәдеге емес, нақты әрекетке сенгісі келеді. Көпшілік полицияға арыз жазды. Тірлік бұл жолы бітпесе, жиналғандар Бас прокуратураға шағымдануға бекініп отыр.

Мәди Мәлік, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда Қарғалы өзенін ластағандар іздестіріліп жатыр