Үш оқушы сотталды: Ақтөбеде 14 жастағы Нұржан Сыдықтың өліміне қатысты сот үкімі шықты

06.10.2025 19:50

Бір топ жоғары сынып оқушылары Нұржан Сыдықты аяусыз ұрып-соғып, ауыл шетінде өлім аузына тастап кеткенін еске салайық

Ақтөбеде 14 жастағы Нұржан Сыдықтың өліміне қатысты даулы іске бүгін нүкте қойылды. Жасөспірімді соққыға жығып, жер жастандырған 3 оқушы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Негізі сот алдында қылмыстық іске қатысы бар делінген 6 бала жауап берген. Алайда тек үшеуіне «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айып тағылып, темір торға қамалды. Ал қалған үшеуі бұзақылық жасап, қылмысты ұйымдастырғаны үшін шартты жаза арқалап, сот залынан босатылды.

Еске сала кетсек, қайғылы жағдай былтыр қыркүйек айында Темір ауданында болған. Бір топ жоғары сынып оқушылары Нұржан Сыдықты аяусыз ұрып-соғып, ауыл шетінде өлім аузына тастап кеткен. Ал жабық түрде өткен сот процесі 6 айдан аса уақытқа созылды.

«Қылмыстық кодекстің 28-бабы, 3-бөлігі, 106-бабының 3-бөлігінде, 293-бабының 2-бөлігінің 1,3-тармақтарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасаған деп үшеуі кінәлі деп танылсын. Оған Қылмыстық кодекстің 28-бап 3-бөлігі, 106-бап 3-бөлігімен 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жанат Бекенова.

Оқи отырыңыз: Қарасай шекара бөлімінде қайтыс болған сарбаздың денесі туған жеріне жеткізілді