Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханадағы жағдай бақылауға алынған
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан соң ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген азаматтың кім екені белгілі болды. Өзге науқастардың да жағдайы жіті бақылауда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханадағы жағдай бақылауға алынған. Науқастардың туыстары да осы жерде жүр. Кеше кім екені белгісіз болған екі азаматтың бірінің жеке бас мәліметі анықталды. Оны апаттан зардап шеккен күйеуі таныған көрінеді. Ол – Әзірбайжанның азаматы екені белгілі болды. Айта кетейік, барлық зардап шеккен науқастарға тексеру жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ олармен және туыстарымен психологтар тобы жұмыс істеп жатыр. Ауруханада 19 науқастың жағдайы бақылауда.
"7 науқас жансақтау орталығында жатыр, ал қалған науқастар нейрохирургия, хирургия және травматология бөлімшелерінде ем алуда. Жансақтау орталығында жатқан 7 науқастың да жағдайы ауыр", – деді Маңғыстау облыстық Көпбейінді ауруханасының медициналық қызмет сапасын қадағалау бөлімінің басшысы Жанар Байманова.
Айта кетейік, кеше Ақтауға Ресейден ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмектесу үшін медицина қызметкерлері мінген борт ұшып келген. Бүгін олар түрлі деңгейдегі жарақат алған 9 отандасымен бірге еліне кетті. Ресейлік делегацияны Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов бастаған ҚХА мүшелері, ел ақсақалдары мен жастар ақ тілегін айтып, шығарып салды.
Ал қалған науқастар дәрігерлердің жіті бақылауында. Бұған дейін Әзербайжан билігі мен әуе компаниясы бірлесіп мәлімдеме жасағанын да айта кетейік. Хабарламада авиакомпанияның арнайы рейс жоспарлағаны айтылды. Бірақ азаматтарды елге жеткізу тек дәрігерлердің рұқсатынан соң жүзеге асады.
Айта кетейік, қазір Ақтау ауруханасының жансақтау бөлімінде 3 Әзербайжан азаматы жатыр.
Оқи отырыңыз: Маңғыстаулықтар ұшақ апатынан зардап шеккен 9 ресейлік азаматты Мәскеуге шығарып салды