Ұшақ апаты: Қызылордада жоғалғандар далалық аумақтан табылған

19.05.2025 13:38

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр

Қызылорда облысында АН-2 маркалы ұшағы апатты жағдайда жерге қонуға мәжбүр болған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқыс жағдай сағат 18:40 шамасында тіркелген. Төтенше жағдайлар қызметінің кезекші бөліміне түскен хабарламадан соң ұшақтағылармен байланыс мүлдем үзілген. Мамандар «жедел іздестіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық күші мен құралдары тартылды» дейді. Сондай-ақ іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін «ҚазАвиаҚұтқару» тікұшағы жұмылдырылды. Арнайы топтың жедел іс-қимылы нәтижесінде жоғалғандар 8 сағаттан кейін түн ортасында далалық аумақтан табылған. Аудан орталығына жеткізілген азаматтар медициналық көмекті қажет етпеді. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

«Хабарлама бойынша іс-әрекеттер жүргізу барысында Сырдария ауданы Тереңөзек кентінен 30 шақырым жерде ұшақтың қонғандығы анықталды. Экипаж құрамында 3 адам белгілі болды. ТЖД іздестіру тобы құрылып, құрамында 14 адам, 4 техника, 1 кинологиялық есеп, 1 ұшқышсыз ұшу аппараты іздестіруге шықты. 19 мамыр  01 сағат 36 минутта іздестіруші тұлғалар барлығы аман есен табылып, аудан орталығына жеткізілді», – деді ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы Исабек Досжан.

Оқи отырыңыз: Қазақстан тауларында жыртқыштар фототұзаққа түсіп қалды