Ұстазға мың алғыс: Алматыда мерекелік концерт өтті
Сала өкілдерінің сөзінше, соңғы жылдары мұғалімдерге ерекше көңіл бөлініп келеді
Ұстаздар күніне орай Алматыдағы Республика сарайында мерекелік концерт өтті. Ыстық ықылас пен алғысқа толы кеште білім саласының үздіктеріне құрмет көрсетіліп, педагог еңбегінің маңызы дәріптелді,
Мерекелік бағдарлама «Ұстазға мың алғыс» атты қойылыммен басталды. Одан кейін сахнада жетігеншілер ансамблі, би ұжымдары, хор мен скрипкашылар өнер көрсетіп, ұстаздарға арналған әндер шырқалды. Кеш барысында Роза Әлқожа, Жазира Байырбекова, Нұрболат Абдуллин сынды өнерпаздар да арнайы концерттік бағдарламаларын ұсынды.
«Қазақстандық ұстаздардың мерекесі құтты болсын, төл мерекеде ғана емес, жыл бойы ұстаздарға деген құрмет азаймасын. Алдарыңыздағы білім нәрін сусындатып жатқан шәкірттеріңіз тек жақсылықпен үлкен жетістіктерге жете берсін деген тілек айтқым келеді. Алматы қаласы бойынша мектептеріміздегі ұстаздардың жеке және шәкірттерінің жетістіктері де өте жоғары», – деді М. Мәметова атындағы № 28 мектеп-лицейінің директоры Айсұлу Медетбекова.
Сала өкілдерінің сөзінше, соңғы жылдары мұғалімдерге ерекше көңіл бөлініп келеді. Яғни, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, жалақы көтеру, түрлі тағылымдамаға жолдама беру сынды жұмыстар атқарылуда. Бұл педагогтердің кәсіби дамуына ғана емес, оқушылардың да сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермек.
«Біздің шәкірттеріміздің білім алуына шын мәнінде жақсы жағдай жасалғанын айтуымыз керек. Оның ар жағында мұғалімдердің айлығы, мектептегі материалдық техникалық база шын мәнінде бұрын-соңды болмаған деңгейде жасақталып, жабдықталып жатыр. Бұл Алматы қаласындағы мектептерге жасалып жатқан мемлекеттің, әкімдіктің қолдауы деп білеміз», – деді Қ. Қатықбаева атындағы № 168 мектеп-гимназиясының директоры Бауыржан Айткәрімов.
Оқи отырыңыз: Алматыда Мұғалім күніне орай қаланың үздік педагогтері марапатталды