Алматыда сырғыма мен жер көшкінінің алдын алу шаралары күшейтілді

22.11.2026 16:18

Көшкін қаупі бар 73 учаске тексерілді

Depositphotos.com

Алматыда сырғыма және жер көшкіні қаупінің алдын алу бойынша ауқымды рейд өтті, еп хабарлайды Almaty.tv ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап. 

Профилактикалық Іс-шараның негізгі мақсаты - тұрғындарға көшкін процестерінің қауіптілігі мен қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат беру.

Рейдтік іс-шараларға Алматы қаласы ТЖД бастығы Дамир Ермагамбетов және Алматы қаласы әкімдігінің Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Айдос Нұрлыбаев қатысты.

Қала әкімдігі өкілдерінің, «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану-техникалық басқармасы мамандарының және ТЖД бөлімшелері жеке құрамының қатысуымен бірлескен профилактикалық жұмыстар Бостандық, Медеу және Наурызбай аудандарының аумақтарын қамтыды.

Бір күн ішінде профилактикалық аралау барысында көшкін қаупі бар 73 учаске қамтылды. Іс-шараларға ТЖД-ның 72 қызметкері жұмылдырылды.

Тұрғындармен кездесулер барысында мамандар көшкін процестерінің белсенділену белгілерін, қауіп туындаған кездегі іс-қимыл тәртібін және эвакуациялау ережелерін түсіндірді. Профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Көшкін қаупі бар аймақтарда тұратын тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтау, жер үстінде жарықтар пайда болған, беткейлердің деформацияланған немесе басқа да қауіпті белгілер байқалған жағдайда шұғыл қызметтерге дереу хабарлау ұсынылады.

Оқи отырыңыз: Достық даңғылы мен Сәтбаев көшесінің қиылысында көлік қозғалысы уақытша шектеледі

Толық көрсету