Елімізде 80 мыңнан аса грант бөлінсе, оның басым бөлігі мегаполис университеттеріне тиесілі
Биыл қыркүйекте студенттердің шәкіртақысы тағы 20 пайызға өседі. Сонымен қатар білім алушылардың жекелеген санаттары үшін стипендияға үстемақы да қосылады. Осылайша, студенттерді қолдау бағытында жоспарлы жұмыс жалғасын таппақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде алып шаһар Алматыдағы 35 жоғары оқу орнында 200 мыңнан астам студент білім алып жатыр. 2024-2025 жылғы оқу жылында елімізде 80 мыңнан аса грант бөлінсе, оның басым бөлігі мегаполис университеттеріне тиесілі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті Диана Жұматаева шәкіртақының өсуі айтарлықтай көмек болайын деп тұр дейді.
"Қазіргі таңда біз 40 мыңнан аса шәкіртақы алып отырмыз. Жүріп-тұрып отырғанымызға бұл шәкіртақы жетеді. Бірақ қазір бізде азық-түліктің, жатақханалардың бағасы күннен күнге көбейіп отыр. Егер шәкіртақыны көбейтетін болса жақсы болар еді", - деді студент Диана Жұматаева.
Биыл 1 қыркүйектен бастап бакалавриат студенттеріне стипендия 52 372 теңгеге дейін, ал педагогикалық және медициналық бағыттардағы білім алушыларға 84 000 теңгеге дейін өседі. Магистранттардың стипендиясы 117 мыңның үстінде болса, докторанттардікі 262 500 теңгеге жетеді. Емтихан сессиясын "өте жақсы" тапсырған жағдайда студенттердің жоғары шәкіртақы алу мүмкіндігі сақталады. Сонымен қатар студенттердің жекелеген санаттары үшін стипендияға үстемақы белгіленді. Олардың қатарында көру және есту қабілеті бұзылған білім алушылар, мүгедектігі бар студенттер жән ата-анасының қамқорлығынсыз қалған білім алушылар бар.
"Жастар үшін әлеуметтік жағдай жасау - қаланың бірінші маңызды мәселелерінің бірі. Қазіргі таңда, өздеріңіз білетіндей, осы жылы 30 мыңға жуық грант, тегін оқу мүмкіндігі берілген болатын. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 мың грантқа артық", - деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Әзиз Қажденбек.
"Қазір осы 20-жылы мысалы 20 мыңның төңірегінде болса, 2023-24 жылдары өсу байқалды. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап орта буынға стипендия 41 мың 896 теңге және жұмысшы мамандығы бойынша 42 мың 600 теңге болды", - деді Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің директоры Нұрдәулет Жабықбаев.
Мемлекеттік шәкіртақыдан бөлек, жоғары оқу орнының Ғылыми кеңесінің шешімі бойынша оқуда ерекшеленген студенттерге, олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарына арналған 104 мың теңгеден асатын мөлшерде тағайындалатын Президенттік стипендия бар. Оны үшінші оқу жылынан бастап студенттер және екінші оқу жылынан бастап магистранттар ала алады. Мұндай стипендияға бюджеттік негізде оқитын студенттер де, ақылы негізде оқитындар да құқылы.
Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге арналған қанша орталық бар