Қаскөйлер заманауи технологияларды белсенді қолдануда
Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі белең алып жатыр. Бұл әдіс бойынша қаскөйлер өздерін компания басшылары, мемлекеттік орган немесе жоғары оқу орындарының жетекшілері ретінде таныстырады, — деп хабарлайды Almaty.tv Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алаяқтар жалған аккаунттар мен нөмірлерді пайдаланып, қызметкерлерге телефон арқылы немесе мессенджерлерде хабарласады. Олар «деректердің сыртқа шығып кеткенін» немесе «қаражатты ұрлау қаупі төнгенін» айтып, жағдайды әдейі ушықтырады. Жедел әрекет етуді талап етіп, психологиялық қысым көрсетеді. Осыдан кейін олар азаматтарға «мамандар» немесе «құқық қорғау органдарының қызметкерлері» хабарласатынын айтып, олардың нұсқауларын мүлтіксіз орындауды талап етеді.
Нәтижесінде алаяқтар адамдарды ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді. Қаражатты алған бойда байланыс бірден үзіледі. Қаскөйлер сенімге кіру және азаматтардың қырағылығын төмендету үшін заманауи технологияларды: нөмірді ауыстыру, дауысты өзгерту және басқа да әдістерді шебер қолданады.
Ішкі істер министрлігі банк қызметкерлері мен мемлекеттік орган өкілдері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейтінін ескертеді. Азаматтарды бейтаныс адамдардың нұсқауын орындамауға, кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге және күмәнді жағдайлар туындағанда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы